Кафедра өмірі

2.03.2012 ж. сағат 12.00-де 503 аудиторияда «Шығыстың рухани құндылықтары» орталығының ұйымдастыруымен «Жыраулық дәстүр – тәрбие көзі» атты кездесу өтті.

Кездесу Шығыстың сарқылмас рухани құндылығының бір парасы халқымыздың жыраулық дәстүрінің қоғамдағы танымдық-тәрбиелік мәніне арналды.

Жыраулар шығармашылығы кезінде халықтың дәстүрлі тәрбиесін қалыптастырып, елдік танымды ұштап, халықтың білім көкжиегін кеңейтуге қызмет етті. Жыраулық дәстүрдің бұл қасиеті бүгінгі қоғамда да өз маңызын жойған жоқ. Өйткені, жыраулық өнер қай заманның да адамына тағылым беретін өлшеусіз құндылық. Осындай төл құндылығымызды дәріптеп, бүгінгі қоғам мүшелеріне жақыннан насихаттап, таныту мақсатында кездесуге жыршылық дәстүрдің бүгінгі көрнекті өкілі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық әндері кафедрасының доценті, қазақ жырын әлемдік деңгейде танытып жүрген Ұлжан Байбосынова шақырылды.

Факультеттің студенттері, ұстаздары жиылған кездесуге Ұ.Байбосынова өзінің шәкірттерін ерте келіп, танымдық лекциясын оқып, дарынды шәкірттерімен бірге насихат жырларын айтты.

Екі сағатқа созылған жыр-толғау кешінде дәстүрлі өнер мектебінің танымдық, тәрбиелік мәні ашылып, көркемдік-эстетикалық сипаты толық көрінді. Сан ғасырлық тарихы бар жыраулық өнер жиылған қауымның санасы мен сезімін қатар тербеп өзінің өміршеңдігін тағы бір паш етті. Мұндай кездесулердің әсіресе бүгінгі жастарға берер тағылымы мол. Ұйымдастурышулар - түркітану және үндітану оқытушылары Жүңіс Қ., Рысбаев Ә.