«Жасыл экономикаға» жол салған университеттер одағы

20.07.2017

Көрулер: 1010

«Жасыл экономикаға» жол салған университеттер одағы

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЭКСПО-2017 халықаралық көрмені қолдау мақсатында БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі академиялық ықпалының Жаһандық Хабы ретінде ҚазҰУ және жаңа Жібек жолы университеттер Альянсы бірлесіп ұйымдастырған «Жасыл технологиялар: Ұлы Жібек жолы бойындағы Қазақстан және Орталық Азия» атты халықаралық жазғы мектеп ашылды. Шілде айында Гонконг политехникалық университетінен бастау алған жазғы мектеп ендігі кезекте Қазақстандағы жетекші ЖОО-да өз жұмысын одан әрі жалғастырмақ.

Мұндай кең ауқымды халықаралық жазғы мектеп шарасы Қазақстан білім беру саласында тұңғыш рет өткізіліп отыр. Еуропа мен Азия ЖОО-да оқитын жүздеген студенттер мен магистранттар жазғы мектеп курстарына қатысуға үлкен қызығушылық танытты.

Жасыл технологияларды дамыту саласындағы Қазақстандық саясат пен тұрақты даму, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдермен болашақ энергиясы мәселесі бойынша серіктестік орнатудағы Қазақстан Республикасының рөлі сынды күн тәртібіндегі тақырыптар талқыланады. Дәрістер мен дискуссияларды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік профессорлары мен қазақстандық және шетелдік жетекші мамандар жүргізеді. Студенттер жазғы мектеп аясында ҚазҰУ мен Колумбия университеті бірігіп ұсынған MDP/Global Classroom бағдарламасы ұйымдастырушылары өткізетін «БҰҰ үлгісі – Жаңа Жібек жолы» атты конференцияға қатыса алады.

Жазғы мектеп шарасының шарықтау шегі «Future Life, Future Leaders» атты халықаралық форум болмақ. Бұған Ұлыбритания, Түркия, Мысыр және ТМД елдерінен келген 50 шетелдік өкіл қатысады. Ашық пікірталас алаңында қатысушылар әлеуметтік инновациялар арқылы қоғамның тұрақты дамуы, аймақ жастары арасындағы серіктестік және ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланып, жасыл қуат көзі, мәдениетаралық диалог салаларындағы ойларымен алмасып, жобаларын ұсынады.

Шетелдің студенттермен қатар Алматыға шетелдік ЖОО-ның басшылары да келді. Жаңа Жібек Жолы университтері Альянсының Атқарушы комитетінің (UASR) отырысы Алматы қаласында алғаш рет өткізеледі. Бұл, өз кезегінде, шетелдік әріптестердің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға артқан үлкен сенімін білдіреді. Күн тәртібіндегі мәселе: Жаңа Жібек жолын жаңғыртудағы университеттер жүргізген жұмыстардың нәтижелері мен білім беру, ғылым және инновация саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған перспективті жобаларды талқылау. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ суперкомпьютерлік және жинақтық есептеу Орталығы базасында Жаңа Жібек жолы университеттері Альянсының халықаралық ІТ-технопаркін құру, қазақстандық платформалардың негізінде онлайн курстарды бірлесіп ұйымдастыру. Шараның соңында шетелдік қонақтар мен қатысушыларға Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне экскурсия жасалмақ. Естеріңізге сала кетейік, әлемнің 31 елінен 128 ЖОО біріктірген жаңа Жібек жолы Университеттері Альянсының іргесі 2015 жылы қаланған.

Жібек жолы (UASR) университеттер Альянсының атқарушы комитетінің жиыны және Жастар форумы ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында 2017 ж. 27 шілдесінде сағ. 14.30 басталады.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі 8 (727) 377 31 48; www.kaznu.kz