Деректану және архивтану

11.09.2017

Көрулер: 648

2017 жылдың 6 қазанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультеті дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы мен ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі Мұрағаттық іс және құжаттама департаментінің ұйымдастыруымен белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Махамбетұлы Атабаевтың 70 жылдық мерейтойына орай еске алуға арналған «Деректану және архивтану: зерттеулердің жаңа парадигмалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіледі.

Конференцияның отандық тарих ғылымы мен білім саласында өзіндік із қалдырған Қамбар Махамбетұлы Атабаевтың рухани мұрасын кемел ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде насихаттаудағы маңызы зор.

Қ.М. Атабаев 1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінде алғаш ашылған деректану және тарихнама кафедрасының меңгерушісі болды. Кафедраға деректану және тарихнама бойынша білікті мамандарды топтастырып, ғылыми зерттеулермен қатар оқу-әдістемелік жұмыстарды заман талаптарына сәйкес жүргізе алды. Жалпы саны 200-ден аса ғылыми еңбектердің авторы. Деректану саласы бойынша 4 ғылым докторын, 8 ғылым кандидатын және ондаған магистлерді дайындады. Қамбар Махамбетұлы кафедра меңгерушісі қызметін атқарған тұста факультетте «Архивтану, құжаттар жүргізу және құжаттамамен қамтамасыз ету» және «Кітапхана ісі» мамандықтары ашылып, бәсекелестікке қабілетті мамандар даярланды.

Қамбар Махамбетұлының бастамасымен республикалық археография және деректану орталығын құрылып, студенттер мен магистранттар арасындағы республикалық «Тарихымызды деректер арқылы таниық» атты байқаудың негізі қаланды. Көп жылдық зерттеулерінің нәтижесінде Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың Орынборда тұрған үйін тауып, көпшілікке танытты.

Қ.М. Атабаевтың өмірі мен қызметін еске алуға, Қазақстанның заманауи деректану, архивтану және құжаттану ғылымдарының  даму  үрдістері жөнінде сүбелі сөз айтуға, ой-пікір танытуға Отандық ғалымдар, республикалық, қалалық архив басшылары, туыстары, шәкірттері, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысады.  

Іс-шараның өтетін орны мен уақыты: басталуы 10:00. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми кітапханасы, Жасыл зал (407 каб),  Алматы қаласы, Әл-фараби даңғылы 71 ,

Байланыс телефондары:+7(727)377-33-38 (ішкі.1284; 1289), 87472432203 – Суйнова Айнұр Талғатқызы