Кафедраның тарихы

Түрксой кафедрасы 

Қазақстандағы білім ордаларының қара шаңырағы саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану факультеті 1989 жылы ашылды. Аталған факультетте 8 шығыс тілі оқытылады. Олар: араб тілі, түрік тілі, парсы тілі, урду тілі, хинди тілі, жапон тілі, корей тілі және қытай тілі. Туыстас түрік тілін оқып үйрену сонау 1991-1992 оқу жылынан бастау алады. Ол жылдары енді ғана басталған түрік тілі мен әдебиетін оқыту «Иран-түрік филологиясы кафедрасында» қолға алынды. Осылайша Қазақстанда түрік тілін оқытудың алғашқы баспалдағы мен берік негізі қаланып, оған профессор З. Л. Рүстемов басшылық етті. Алғашқы жылдары Түркия Республикасы Ерджиес университетінің түлегі Хасан Иылмазтүрк, Абант Иззет Байсал университетінің түлегі Рамазан Чакыр, Селчук университетінің түлегі Билал Чуллукоғлулар дәріс берді. 1991-1992 оқу жылында І курсқа 8 студент (5 жылдық), 1992-1993 оқу жылында 9 студент (4 жылдық) қабылданды. Алғашқы түлектер бітіретін жылы, 1996 жылы 11 сәуірде «Түрік филологиясы» кафедрасы жеке шаңырақ көтерді.

Қазір кафедрада тіл білімі және түркітанужәне тарих мәселелері, лингвистикалық мәдениеттанеу, этнолингвистика, қазақ және түркі тілдері салыстырмалы тарихы, лексикогорафия теориясы, түрік екінші тіл және шет тілі ретінде оқыту, аударматану теориясы және т.б. көкейкесті мәселелерімен айналысатын жоғары білікті ғалым-мамандар қызмет етеді.

Алғашқы түлектерден Ә. Б. Рысбаев пен Н. М. Түсіпбекова кафедраға оқытушылық қызметке қалса, З. Шадкам, Л. У. Шонғараева және Ә. Н. Омашевалар 1992 жылы 18 мамырда ТР Білім Министрі К. Топтан мен ҚР Білім Министрі Ш. Ш. Шаяхметов арасында Анкара қаласында қол қойылған келісім-шарт хаттамасына сәйкес Анкара университетіне магистратураға жолдама алды. 1998 жылы Анкара университеті магистратурасын бітірген Л. У. Шонғараева 2002 жылы, З. Шадкам 2006 жылы кандидаттық дисертацияларын сәтті қорғап, ғылым кандидаты атағын алды. Қазір екеуі де кафедрада ұстаздық қызмет атқаруда. Ал аталған оқу жылының түлегі Е. Б. Солтанаева болса, 1996 жылы Алматыдағы Түркия Елшілігінде экономика бөлімінің жауапты қызметіне тағайындалып, күні бүгінге дейін осы жұмысты атқаруда. 1998 жылы бітірген түлектер арасынан Ж. Ә. Әбілдаев кафедраға жұмысқа қалып, осы уақытқа дейін Түріктану және Шығыс елдері тарихы кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып келеді. Ал 1999 жылғы түлектер арасынан Г. Ә. Бегімова мен А. Назаровалар университетіміздің халықаралық қатынастар және шығыстану факультеттерінде жұмыс істеп келеді. Г. Ә. Бегімова 2007 жылдың 28 қарашасында «Қазақ және түрік тілдеріндегі дипломатиялық терминдер мен атаулардың мағынасы, қолданылыстағы қызметі» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Б. Оспаналиева 1999-2001 жылдар аралығында Абылай хан атындағы ХҚ және ӘТ университетінде оқытушылық қызмет атқарып, кейінгі жылдары Измир қаласындағы (Түркия) Егей университетінде докторантурада (Ph D) оқып, 2008 жылы қорғамақшы.

2000-2001 оқу жылында кафедра кешенді сипат алып, яғни түрік тілі мен әдебиетін, Түркияның тарихын, діні мен мәдениетін оқытатын болғандықтан, «Түріктану кафедрасы» деп аталды. Бүгінге дейін әр жылдары Алматыдағы Түркия Елшілігі Түрік тілін үйрету орталығының қол ұшын беруі нәтижесінде Т. Өзтүрк, М. Джошкун, М. Ийиджан, М. А. Иылмаз, И. Коджа, К. Джелеп, Х. Тунджал, А. Доған, Е. Өзтүрк және т.б. түрік тілінің оқытушылары, Түркия азаматтары дәріс беріп келді.

Кафедраның Алматыдағы Түркия Елшілігімен, елшіліктің білім және мәдениет жөніндегі кеңесшілерімен, Сүлейман Демирел атындағы университетпен, халықаралық қазақ-түрік білім қорымен, Түрік халықтарының ынтымақтастық және даму агентігімен, Түрік халықтарының мәдени қорымен, Алматы қалалық қазақ-түрік лицейімен, Алматы қазақ-түрік қыз балалар лицейімен тығыз байланысы бар.

2004-2005 оқу жылынан бастап Шығыс елдері тарихы саласының оқытушылары да түріктану кафедрасы құрамында жұмыс істей бастады. Сондықтан 2005-2006 оқу жылында кафедраның аты «Түріктану және Шығыс елдері тарихы» болып өзгерді.

2015 жылдан бастап Түркітану және Үндітану кафедрасының аты Түрксой кафедрасы болып өзгертілді. Қазіргі кезде PhD Қыдырбаева Уміт Тұрсынбаевна кафедра меңгерушісінің қызметін атқаруда.