Спорттық өмір

Дене шынықтыру мен спорт университет тарихында жеке тұлғаның қалыптасуында және дамуында, әлеуметтік-белсенді жастарды тәрбиелеуде, жалпы адамдық құндылықтарды меңгеру мен салауатты өмір салтын қалыптастыруда әрқашан маңызды рөл атқарған.

ҚазҰУ-дың 12 студентінің 2012 жылы Лондон қаласында өткен Олимпиада ойындарына қатысуы оның ең бір маңызды жетістіктерінің бірі болып табылады. Оның ішінде заң факультетінің студенті Светлана Подобедоваға табанды күресінің арқасында ауыр атлетика бойынша алтын медаль жеңісі бұйырды.

ҚР жоғары оқу орындарының VI жазғы Универсиадасында 15 есептік спорт түрі арасында 14 спорт түрінен жеңіске жеттік, 2013 жылы университеттің 80 жылдық мерейтойына орай өткізілген VIІ Универсиадада құрама команда Универсиаданың тарихында ең алғаш абсолюттік рекорд орнатып, сый жасады, яғни 15 есептік спорт түрінің барлығынан жеңімпаз атанды. Еліміздің 70 ЖОО арасында ҚазҰУ студенттері Универсиада бағдарламасына енгізілген 31 спорт түрі ішінде 25 жүлделі орынды (І орын – 15, ІІ

орын – 6, ІІІ орын – 4) иеленді. Университет студенттерінің 2013 жылы Казан қаласында (Ресей) өткен Әлемдік жазғы Универсиадада өз өнерлерін сәтті көрсетіп, жеңіске жетті. Атап айтсақ, Никита Филиппов жеңіл атлетикадан, Эльмир Алимжанов семсерлесуден, Гүлнұр Ерболова бел күрестен қола жүлдегерлері атанды. 2013 жылы Дзюдо бойынша Әлем Кубогын Ж. Елдос және С. Елдос жеңіп алды.

Ректор кубогына арналған «Студенттер күні» жарысы, жатақханалар мен факультеттер арасындағы спартакиада, «Денсаулық» спартакиадасы, «Жеңіс күніне» арналған жеңілатлетикалық кросс, «Университеттің туған күніне» арналған бітірушілер мен студенттер құрамасы арасындағы жарыстар дәстүрге айналды, «Сау және сымбатты дене мәдениеті» жалпы университеттік жобасы жүзеге асырылды, сондай-ақ Ыстық көлдегі ҚазҰУ-дың спорттық-сауықтыру лагерінде өткізілетін дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралардың саны да артуда.