Факультет туралы

Химия және химиялық технология саласындағы мамандар – еңбек нарығында еңбекақысы жоғары және сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Экономиканың кез-келген саласына жаңа технологияларды жасау мен енгізу химик-мамандардың көмегінсіз жүзеге аспайды. Өнеркәсіптің барлық түрлері (химия, мұнай өңдеу, фармацевтика, металлургия, құрылыс, аграрлық және т.б.) және кез-келген тауар түрлерінің өндірісі химик және химик-технологтарды дайындауды талап етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия және химиялық технология факультеті – университеттің 1934 жылы алғашқы ашылған факультеттерінің бірі. Факультеттің жеке 5 қабатты оқу ғимараты және 2 ғылыми-зерттеу институты бар. Білім беру 3 тілде (мемлекеттік, орыс, ағылшын) жүргізіледі. Оқу ғимаратында заманауи қондырғылармен жабдықталған 70 зертхана мен 4 компьютерлік сынып студенттерге қызмет етеді. Факультетте химияның әр саласы бойынша 5 кафедра жұмыс істейді. Мамандарды біліктілігі жоғары оқытушылар мен кәсіпорын қызметкерлері дайындайды, олардың ішінде 45 ғылым докторы, 85 ғылым кандидаты және 40 PhD бар. Бакалавриат, магистратура және докторантураның барлық білім беру бағдарламалары ASIIN (Германия) агенттігімен аккредитацияланған. Факультет Белгород университетімен, Қытай мұнай университетімен, Тайпей, Сайтама (Жапония) университеттерімен, Д.И.Менделеев атындағы РХТУ, Уфа мұнай техникалық университетімен қосдипломды бағдарлама бойынша мамандарды дайындауды жүзеге асырады. Магистранттар Лион-1 (Франция), Валенсия (Испания), Польша, Румыния және т.б. елдердің университеттерінде бір семестр бойы білім алады.

Факультеттің студенттері химия, мұнай химиясы, фармацевтика, металлургия өнеркәсіптерінің, атап айтқанда «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «ҚазФосфат» ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ ҒТО, «ЦинҚаз» ЖШС, «ДорПласт инвест» ЖШС, «Зерде-Фито» ЖШС және т.б. өндіріс орындарында өндірістік тәжірибеден өтеді.