«Жастар ­жемқорлықтан тыс университеттерді қолдайды!»

18.04.2017

Көрулер: 661

Алматыда «Жастар ­жемқорлықтан тыс университеттерді қолдайды!» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы алғашқы студенттер форумы өтті. Шараға қаладағы 38 жоғары оқу орнының студенттері мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жетекшілігімен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен  Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасымен бірге ұйымдастырылды.  

Шара қатысушылары студент жастарды жемқорлыққа бірігіп қарсы шығуға, академиялық шыншылдық қағидасын ұстануға және әлеуметтік зұлымдық – жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына өзіндік үлес қосуға шақырды.

Студент жастар жемқорлыққа қарсы жұмыстағы тәжірибелерімен, жобаларымен және бастамаларымен креативті түрде бөлісіп, өзара идея алмасты, ой-пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.  Қазақстандық эстрада жұлдыздары жарқын өнерлерімен жастарды қолдап,  Студенттер сарайының сахнасында жастармен бірге «Жемқорлыққа жол жоқ!» деп ұрандады.

Форум барысында ҚазҰУ студенттері «Жастар – жемқорлықтан тыс университеттерді қолдайды!» қозғалысын бастап берді. Олар жемқорлыққа қарсы форум эстафетасын Алматы қаласы мен республиканың 38 оқу орнына салтанатты түрде табыстады. Жастар ұйымдары комитетінің төрайымы Айсұлу Ерниязова жемқорлыққа қарсы форум қатысушыларының үндеуін оқып, студент жастардың азаматтық ұстанымы мен олардың жемқорлыққа қарсы күрестегі ұранын жеткізді.

«Біз өз болашағымызды Заң үстемдік еткен қоғаммен байланыстырамыз. Парасаттылық, еңбекқорлық пен ақыл, талант пен іскерлік қасиеттері жастардың кемел келешегіне,  сый-құрмет пен бақуатты өмірге жол ашады. Бірлесіп біз жемқорлықсыз әділетті қоғам ­– Мәңгілік Ел құра аламыз», – деп ҚазҰУ магистранты Айсұлу Ерниязова форум жұмысын тұжырымдады.

«Жоғары оқу орындарындағы жемқорлықпен күрес елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды басымдыққа ие және онда студент жастардың алар орны ерекше. Біз сіздердің бұл бастамаларыңызды құптаймыз және сіздермен бірге жемқорлықтан тыс университеттерді қолдауға келдік. Жемқорлықсыз мемлекет сіздердің әрқайсыларыңыздан басталады. Болашақ жастардың қолында!» – деп ҚазҰУ проректоры Шолпан Жаманбалаева форум қатысушыларына үндеу тастады.

ҚазҰУ белсенділері жиналғандарға «Университет жемқорлықтан тыс» жобасының жүзеге асырылуы жайлы баяндап берді. Оқу орнында жемқорлыққа қарсы механизмдер мен технологиялардың біртұтас жиынтығы енгізіліп, кез келген жемқорлық әрекетіне шыдамсыздық танытатын орта құрылған.

Университетте жоғары этикалық талаптар мен тәртіп стандарттарынан тұратын Оқытушылар мен қызметкерлердің Корпоративті мәдениет кодексі, Студенттердің ар-намыс кодексі енгізілген. Жемқорлыққа қарсы саясатты университетте үнемі жетілдіріп отыруға «кері байланыс» арналары көмегін тигізуде. Әлеуметтік серіктестік негізінде басқару шешімдерін қабылдау үдерісіне студенттерді көптеп тартуға үлкен мән беріледі. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету бірегей орталығының ашылуы «университет-студент» өзара әрекеттесуіндегі бюрократиялық кедергілерді  жоюға мүмкіндік берді. Мұнда «бір терезе» қағидасы бойынша студенттерге 500-ден астам әкімшілік, білім беру, медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық және кеңес беру қызметтері көрсетіледі.