Cәтті сапар

11.01.2017

Көрулер: 717

«Тәуелсіздік Полюсі» тұңғыш қазақстандық экпедициясының құрамында болған ҚазҰУ қызметкерлері ғылыми бағдарламаны аяқтап, Қазақстанға оралды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биотехнология кафедрасының ғалымдары Алмагүл Баубекова мен Әлия Ерназарова экология, биология саласында зерттеулер жүргізіп, Антарктидадағы экстремальді төмен температураның адам денсаулығы мен психологиялық сезіміне әсерін анықтады.

Әлияның айтуынша, ғылыми зерттеулер үшін бұл тамаша база болып табылады. Аталмыш орын ылғи бірқалыпты төмен температура деңгейін сақтап тұратын болғандықтан және ластанбайтындығының әсерінен ҚазҰУ ғалымдары микрофлораны зерттеп, микроорганизмдер мен олардың қасиеттерін анықтауға және нәтижесінде Қазақстан микроағзаларының қатарын толтыруға мүмкіндік алған.

Енді жас ғалымдар Мұзды материктен алынған микроорганизмдерді ҚазҰУ мен Назарбаев университетіне табыстауға әзір және әрі қарай зерттеу жүргізбек.

Айта кету керек, «Тәуелсіздік Полюсі» экспедициясы 1 желтоқсан күні Тұңғыш Президент күні қарсаңында басталып, климаттық жағдайға қарамай қиын кезеңдерді бастан өткеріп 2016 жылдың 16 желтоқсанында Антарктиданың ең биік нүктесі «Винсон» шыңына шығып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығының құрметіне Қазақстанның мемлекеттік туын тікті.