ТҮРКСОЙ ШӘКІРТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАДЫ

16.02.2017

Көрулер: 1188

Бұдан 2 жылға жуық уақыт бұрын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының бастамасымен Шығыстану факультетінде ТҮРКСОЙ кафедрасы ашылған болатын. Жақында осы кафедраның ең үздік студенттеріне Халықаралық түркі ұйымы (ТҮРКСОЙ) атынан игі дәстүрге айналған шәкіртақы арнайы табыс етілді.

Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасеиінов ТҮРКСОЙ кафедрасының "Түркітану", «Шетел филологиясы: түрік тілі», «Аударма ісі» мамандықтары бойынша білім алатын студенттерді ынталандыру және әлеуметтік тұрғыдан қолдау мақсатында берілген шәкіртақыны арнайы келіп табыстады. Әрбіреуі 100 000 (жүз мың) теңге көлеміндегі бір реттік шәкіртақы ТҮРКСОЙ кафедрасының белсенді және ең озат сегіз студентіне берілді.

Жиында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасеиінов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығын білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық деңгейде қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап, халықаралық ұйым мен университет арасындағы ынтымақтастықтың бұдан әрі де дами түсетініне сенім білдірді.

Жиын соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ТҮРКСОЙ ұйымының басшылығына студенттерге көрсеткен қолдаулары үшін ерекше алғысын білдірді.