Джорджтаун университеті ҚазҰУ-да

07.03.2017

Көрулер: 582

Катардағы Джорджтаун университетінің халықаралық және аймақтық зерттеу Орталығының өкілдері профессор Мехран Камраваның басшылығымен ҚазҰУ-ға ресми іс-сапармен келіп қайтты. 

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев қонақтарды университеттің тыныс-тіршілігі мен алға қойған мақсаттарымен таныстырып өтті. Кездесу барысында қос тарап бірлесіп зерттеу жұмысын жүргізудің тиімді бағыттарып айқындады. Серіктестер әдебиет, тарих, саясаттану, аймақтану, дінтану, исламтану, мәдени антропология салаларында бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қызығушылық танытты.

Джорджтаун университетінің делегациясы студенттер мен оқытушыларды алмастыру, PhD докторанттарға бірлесіп жетекшілік ету, Халықаралық және аймақтық зерттеу Орталығының мамандарымен бірлесе отырып, ғылыми мақалалар мен кітаптар жазу бағдарламалары туралы М. Бүркітбаевтың ұсынысын құптады. 

Келіссөз барысында  екі университет ғалымдары ортақтаса отырып исламдық қаржыландыру және банкинг саласында зерттеулер жүргізуге, сонымен қатар арабистика, иранистика, Еуразиялық зерттеулер орталығы, Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу Орталығымен бірлесе жұмыс істеуге қызығушылық танытты.

Профессор Булат Кумеков араб жазба ескерткіштерін, жағрафиялық және тарихи шығармалар бойынша арабтардың мәдени мұрасын, Қазақстан, Орта Азия, Еуразияның ортағасырлық тарихын зерттеумен айналысатын ҚазҰУ жанындағы Халықаралық қыпшақтану институтының жұмысымен таныстырып өтіп, қонақтарды Қыпшақтану институтына, 12 ғасырдан бері сақталған, атақты географ әл-Идриси жасаған түрлі түсті әлем картасын көруге шақырды. Өз кезегінде, Мехран Камрава мырза университетке «Asia papers», «South Caucasus», «The great game in West Asia» атты эксклюзивті жорналдарын және жарыққа шыққан Катар, Палестина, Иран туралы авторлық кітаптарын сыйға тартты.