Бас жүлде- Жапонияға саяхат

11.03.2017

Көрулер: 1153

Қазақстан мен Жапония дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына орай жапон тілінен 19-шы шешендік өнер сайысы болып өтті. Көркем сөз шеберлерінің сайысы 1999 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Байқау Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігі және Қазақстандағы жапон тілі оқытушылары қауымдастығының бірлесуімен, сондай-ақ, Цукуба университеті, “Теракоя” қоғамдық ұйымы мен “New & Rare Resources” ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды. Сайысқа ҚР-дағы жапон қауымдастығы мен жапондық кәсіпкерлер қауымдастығы, Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығы мен жапон қоры демеушілік жасап, зор қолдау көрсетті.

Алғашқы болып кіріспе сөзді Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кавабата Итиро бастады. ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры А.Хикметов сайыскерлерге сәттілік тіледі. Шара қатысушылары 2011 жылдың 11 наурызында болған жойқын жер сілкінісінің құрбандарына арнап бір минут үнсіздік жариялады.

Сайысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ЕҰУ, ҚазХҚжӘТУ, ҚЖО-ның мықты деген 15 студенті қатысты. Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде иегері – Күн Шығыс еліне жолдаманы ҚЖО студенті А.Мұқанова жеңіп алды. ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының студенттері құрметті жүлделі орынға ие болды. Шеберлік сайысында М.Умешова ІІ орын, А.Скатов ІІІ орын, С.Бекжанова ІV орын, А.Алимбетова V орын, М.Бақытжан VI орынды қанжығалады. Алғашқы төрт орынды иеленген қатысушылар 29 сәуірде Қырғыз Республикасында өтетін 21-ші Орталық Азиялық жапон тілінен шешендік өнер сайысына билет ұтып алды.

Батырхан Құрмансейіт атындағы арнайы жүлденің ҚазҰУ студенті С.Бекжановаға табысталуы ерекше сый болды. Б.Құрмансейіт Жапонияның Халықаралық достық алмасу кеңесінің Қазақстандағы өкілі, ҚазҰУ шығыстану факультетінің түлегі. Б.Құрмансейіт студент кезінде жапон тілінен шешендік өнер сайысына белсенді қатысып, Қазақстандық, Орталық Азия, Мәскеуде өткен ТМД елдері арасындағы сайыстарда топ жарып, бірнеше рет бас жүлде алған, сондай-ақ, Жапониядағы шетелдік дипломаттар арасындағы жапон тіліндегі шешендік өнер сайысында екі рет жеңімпаз атанған болатын.

Қиыр Шығыс кафедрасы