Бизнес білім беру: Германия сарапшысының көзқарасымен

18.03.2017

Көрулер: 641

Бизнес білім беру: Германия сарапшысының көзқарасымен

 Белгілі халықаралық бизнес сарапшы Константин Шамбер кәсіпкерлерге, оқытушылар мен студенттерге арнап «Инновация деген не және жақсы бизнес идеяны қалай табуға болады?» деген тақырыпта ҚазҰУ-да екінші шеберлік сағатын өткізді.

Эксклюзивті кездесу білім беру бағдарламасының аясында ҚазҰУ мен бизнес бірлестік өкілдерінің қолдауымен Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ, түрлі БАҚ өкілдерін қосқанда 100-ден астам қатысушының басын біріктірді.

Жас буынды бизнес ортаға бейімдеуге, табысты бизнес жүргізу әдістері жөнінде ақпараттандыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жоба 2016 жылдан бастап К. Шамбердің бастамасымен ҚазҰУ-мен ынтымақтастық аясында жүзеге асып келеді.

Бүгінде тұрақты кәсіпкерлік және инновация экономикалық және әлеуметтік өсімнің, сондай-ақ, саяси тұрақтылықтың негізгі факторы болып табылады. Германияның стратегиялық мәдени коммуникация Орталығының директоры Константин Шамбердің пікірінше, кәсіпкерлікті бастағанда  зияткерлік байланыс орнатылып, әлеуметтік жауапкершілік болуы шарт.

«Креативтілік, қызметтің ашықтығы мен шынайылығы, қызметкерлердің білімділігі мен біліктілігі, сонымен қатар, алуан түрлі мәселелерді шешудегі ерекше тәсілдер табысты инновацияның басын құрайды», - деп атап өтті ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес Жоғарғы мектебінің менеджмент және маркетинг кафедрасына шақырылған профессор.

Шеберлік сағатында сарапшы бизнес-идеяны табу жолдарын және оны іздестіру барысында креативті техникалық тәсілдерді пайдалану керектігі туралы баяндап берді. Спикер тыңдаушылар үшін креативті үрдістермен, өзгертулермен табысты басқарудың халықаралық мысалдарын келтірді. Кездесу барысында бизнес-тренер қатысушыларды қызықтыратын сұрақтарға жауап беріп, стартаптар мен бизнес-идеяларды жүзеге асыру бойынша тәжірибелік ақыл-кеңесін берді.