«Жыл оқырманы» шарасына қатысуға шақырамыз!

17.04.2017

Көрулер: 892

Құрметті студенттер!

Сіздерді университеттің «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы аясында жыл сайын өткізілетін  «Жыл оқырманы» шарасына қатысуға шақырамыз!

Іс-шара мақсаты мен міндеттері:

Жалпы университеттік «100 кітап» жобасын, кітап оқудың маңыздылығын насихаттап, студент жастарды оқуға тарту, дәстүрлі  оқуды сақтау және дамыту,  кітапхананың мерейін арттыру, студенттер арасынан үздік оқырмандарды айқындау. Эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, жан-жақты білімді оқырмандар санатын қалыптастыру.

Іс-шара кезеңдері:

І кезең: Сауалнама толтыру және эссе жазу. Жауап беру үшін электронды түрде http://elibrary.kaznu.kz сілтемесі арқылы немесе классикалық оқу залынан дәстүрлі қағаз түрінде толтыруға болады.  

Эссе жазу. Студенттің шығармашылық, қаламгерлік қабілеттері осы кезеңде сыналады. Байқауға қатысушылар «100 кітап» тізіміне енген шығармалардан алған әсерінен туындаған шығармасын жазуы тиіс. Оқырман шығармаларын  2017 жылдың 24 сәуіріне дейін manapbaeva198239@gmail.com, smukasevp@gmail.com  электронды мекен-жайларына жіберуді сұраймыз немесе кітапхана қызметкерлеріне жолығуға болады. Ең үздік эссе (шығармалар) «Әсерлі шығармалар – асыл ойдың өрнегі» жинақ түрінде, сонымен қатар «Қазақ университеті» газетінде жариялануы жоспарланып отыр.

ІІ кезең: Әңгімелесу:  

1)    «100 кітап» тізіміндегі поэзия және прозалық шығармалардан үздік үзінділер оқылады (регламент 3 минут)

2)    «100 кітап» тізіміне енген шығармалар бойынша әңгімелесу.

ІІІ кезең: Оқырмандар конференциясы (еркін пікірталас алаңы).

Іс-шараның қорытындысы 2017 ж. 27 сәуір күні сағ. 16.00-де  әл-Фараби кітапханасында (308-ауд.) өтеді.

Қатысушы студенттердің арасынан үздік  оқырмандарға «Жыл оқырманы», «Қазақ классикасын оқудағы үздік оқырман», «Орыс классикасын оқудағы үздік оқырман», «Шетел әдебиетін оқудағы озық оқырман», «Поэзия оқуларының майталман оқырманы», «Көркем сөздің шебері», «Үздік эссе иегері», «Кітапхананың тұрақты оқырманы» номинациялары беріледі.

 

Қосымша сұрақтар бойынша берілген телефон нөмірлерге хабарласыңыз: 8(727) 3931913, 87474521072 Шынар Мұқашева