БҰҰ Өркениеттер альянсі мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлесіп жаңа жобаны жүзеге асыруда

12.05.2017

Көрулер: 682

«Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру» жобасы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы келісімге БҰҰ Өркениеттер альянсінің Жоғары өкілі Насир Абдулазиз әл-Насердің еліміздің жетекші жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сапары барысында қол жеткізілген.

Жобаның мақсаты – өскелең ұрпаққа бейбітшілік, жақсылық және әділеттік идеяларын жеткізу. Оның негізі Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің ізгілікті қоғам туралы идеясы арқылы қаланды.

ҚазҰУ-да сөйлеген сөзінде: «Заманауи университеттердің миссиясы – жалпы өркениеттік адамгершілік құндылықтарды қоғамның болашақ азаматтарының бойына сіңіру негізінде білім берудің жаһандық мақсаттарына қол жеткізу. Ұлтымызға және дінімізге қарамастан біз дау мен өшпенділіктен арылып, жақсы өмірге қол жеткізу үшін бар күшімізді біріктіру керекпіз», – деді Насир Абдулазиз әл-Насер.

««Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі» – деген әл-Фараби сөзі бүгінде аса өзекті. Егер жоғары оқу орындарының түлектері кәсіби құзыреттілікпен қоса жоғары адамгершілік құндылықтарға ие болса, онда әлем жақсырақ әрі қауіпсіз, әл-Фараби айтқандай, ізгі болады», – деп атап өтті БҰҰ Өркениеттер альянсінің жоғары өкілімен кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов.

Университетте жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ технологиялық және рухани-адамгершілік тұғырнамасы негіз болған «Al-Farabi University smart city» моделін дайындап, енгізуде. Бұл қызметтегі басты бағдар жаңа жаһандық шынайылық пен өркениеттің дамуы жағдайында ұлттық сананың өзгеруі жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған мемлекеттік бағдарлама болып табылады.           

Баспасөз қызметі