Ресейлік оқу орындар қазақстандық әріптестерінің тәжірибесін үйренбек

28.06.2017

Көрулер: 847

Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары − Томск политехникалық университеті, Мәскеу физика-техникалық институты мен Мәскеу политехникалық университетінің делегациясы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы іс-сапармен келді. Делегация мүшелері QS халықаралық рейтинг агенттігі сарапшыларының кеңесі бойынша бүгінде әлемдегі 250 үздік ЖОО-ның қатарына кіруі жоғары білім мен ғылым саласындағы серпінді дамуының жарқын қөрінісі ретінде бағаланатын ҚазҰУ-дың озық тәжірибесімен танысты.

Ресейлік ғалымдар университетте ашылған Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Konika Minolta, Fujitsu секілді әлемдегі жетекші компаниялардың ғылыми-білім беру зертханаларымен, технологиялық парк, Жасыл технологиялар орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы мен Жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен танысып, үлкен қызығушылық танытты.

Томск политехникалық университетінің ректоры Петр Чубик «ТМД кеңістігінде қарқынды дамушы университет болып табылатын сіздердің  оқу орындарыңызға келу біз үшін үлкен мәртебе.  ҚазҰУ − әлемдік деңгейдегі университет. Алдыңғы қатарлы әлемдік деңгейдегі жаңа зерттемелерді, материалдық-техникалық, ғылыми инфрақұрылымның үдемелі дамып жатқандығын көріп, өсу нүктесін таба білгендіктеріңізге таң қалдым. Сіздерден үйреніп, ынтымақтастық орнатуға әзірміз» , - деді. Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жоғары оқу орындарының ынтымақтастық негізінде халықаралық әріптестікті кеңейту ҚазҰУ қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылатындығын атап өтті. «Ресейлік жетекші жоғары оқу орындарымен нақты келісімдерге қол жеткізу Қазақстан мен Ресейдегі адам ресурстарына қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді», - деді академик Ғалым Мұтанов.

Мәселен, ресейлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың үлгісі ретінде осы жылы алғашқы түлектерін шығарған ҚазҰУ мен ТПУ  арасындағы қосдипломды магистрлік бағдарламаның жүзеге асырылуын атап өтуге болады.

Екі университеттің мол тәжірибесін ескере отырып, тараптар ғылыми саладағы ынтымақтастықтың қарқынын жетілдіріп, ядролық медицина, дене шынықтыру медицинасы, ғарыштық материалтану технологиясы бағдарламалары бойынша магистрлік бағыттың ауқымын кеңейтуге келісті. ҚазҰУ мен ТПУ бериллий шикізатын өңдеу бойынша ҚазҰУ ғалымдары ойлап тапқан технологияларды сынақтан өткізіп, енгізу жөнінде келісім орнатты.

2017 жылдың 1 қыркүйегінен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Мәскеу физика-техникалық институты (МФТИ) арасында физика-техникалық және математика бағытында қосдипломдық магистрлік бағдарлама бойынша бірлесіп мамандар дайындау жобасы бастау алады. Сондай-ақ, ҚазҰУ мен МФТИ Тянь-Шань биік таулы ғылыми бекеті үшін мамандар даярлауды жоспарлап отыр. Мәскеу политехникалық университетімен «Жарнама және қоғамммен байланыс», «Журналистика», «Баспа ісі», «Дизайн» бағыты бойынша қосдипломдық бағдарламаны жүзеге асыру туралы келісімге келді. 

 

Баспасөз қызметі