Қызыққа толы күн

25.07.2017

Көрулер: 499

ҚазҰУ-дың жазғы мектеп қатысушылары Алматы облысы Іле ауданы Күрті ауылдық округіне қарасты «Дәулет» ЖШС түйе шаруашылығында болып қайтты.

Олар түйенің қалай сауылатынын көріп, шұбат сусынынының дайындалу әдісімен танысты. Алғаш рет түйе шаруашылығына келген шетелдік қонақтар керемет күйге бөленген. Гонконг политехникалық университетінің студенті Ип Тан Ман Полли «Түйе сүтінің дәмі тіл үйірерлік. Біздің жақтыкіне мүлдем ұқсамайды», - дейді. Оның айтуынша, олар үшін бұл таңсық дүние әрі жаңа тәжірибе болған. Өз сөзінде қытайлықтар өмірінде тұңғыш рет түйеге көріп, тіпті, шөп бергендігін таңданыса тілге тиек етті.

Жазғы мектепке келген қазақстандық студенттер үшін де білім алудан тыс тамаша демалыс болған. Кең далада еркін өскен олар шаруашылықта атқа мініп, мауқын басса керек. Атап өту қажет, мектеп қатысушыларының қатарынан Бейжің, Гонконг, Сиань және Тайбейден басқа Қазақстанның студенттері де бар. Жалпы ҚазҰУ-дағы жазғы мектеп бағдарламасына жүзден астам студент қызығушылық білдірген.

Өз ретінде барлық қатысушылар қазақтың игі дәстүрімен киіз үйде ыстық бауырсақ жеп, балдай шұбаттан дәм татты. Капитал нормал университетінің студенті Ху Тинг қазақтың қонақжайлығына дән риза болып, ағынан жарылды. Ол «Қазақстанға алғаш рет келдім және өте қуаншытымын»,- деп атап өтті.

Шара соңында қонақтар Күрті өзенінің тұнық суына түсіп, көңілдері бір көтеріліп қалды. Не де болса аталмыш жазғы мектеп студенттердің есінде ерекше сақталмақ.  

Баспасөз қызметі