ҚазҰУ мұражайы Құрмет дипломымен марапатталды

31.07.2017

Көрулер: 1282

Қазақстан Республикасының «Ардагерлер ұйымы» РҚҰ Орталық Кеңес Президиумының Қаулысымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мұражайы ҚР ардагерлер ұйымының 30-жылдығына арналған байқаудың жеңімпазы атанып, Құрмет дипломымен марапатталды.

2017 жылдың қаңтар айынан сәуірге дейін Орталық Кеңестің іс-шаралар жоспарына сәйкес ардагерлер ұйымының 30-жылдығын мерекелеу барысында Қазақстан Республикасы қоғамдық мұражайларының байқауы өткізілді.

Қоғамдық мұражайлардың байқауы Отан қорғаушыларды мәңгі есте сақтау және халықаралық қатынастарды нығайту, мәдениет және спортты дамыту мәселелері бойынша жүргізіліп, тұрақты комиссияның төрағасы Марат Нағұмановтың басшылығымен нәтижеленді.    

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайы біздің халықтың рухани дәстүріне негізделген адамгершілік құндылықтарды жастар бойына қалыптастыру және патриоттық тәрбие беру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алматы қаласы жастарының бойына рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиені сіңіру бағытында ҰОС ардагерлерінің, қалалық және аудандық Комиссия өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, кездесулер, ерлік сабақтары мен өзге де шаралар өткізіліп тұрады. Мұражай ҚР ардагерлерінің Орталық Кеңесі ұйымдастырған байқауларға қатысып, бірнеше рет жеңіске жетті.

Сондай-ақ университет мұражайы «Қазақстанның Үздік жоғары оқу орнының мұражайы» (2011, 2015 жж.), IKOM халықаралық мұражайлар Кеңесінің дипломымен, ҚР Бірінші Президентінің қорының құрмет грамотасымен, Алматы қаласы мен Бостандық ауданының ардагерлер Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мұражайын жеңісімен құттықтап, биік шыңдарды бағындыруын тілейміз!

Баспасөз қызметі