ҚазҰУ-ға Чонбук университетінің президенті келді

08.08.2017

Көрулер: 864

ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректоры Асқар Хикметов Чонбук университетінің президенті Нам Хо Ли бастаған Корея делегациясымен кездесті.

Аталған кездесуге Чонбук университетінің өкілдерімен қатар шығыстану факультетінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Р.Е. Құдайбергенова, ҚазҰУ медициналық орталығының директоры Э.А. Калиев, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Н.Б.Ем, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры міндетін атқарушы А.А. Асылбекова және т.б. қатысты.

Кездесу барысында сөз алған оқу жұмысы жөніндегі проректор А.К. Хикметов ҚазҰУ-дың Орталық Азияда алатын орны мен жеткен жетістіктеріне тоқталып, ҚазҰУ мен корей университеттері арасында түрлі бағытта 48 келісімшарт бар екендігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ проректор "Оңтүстіккореялық әріптестермен бірлескен «Smart Health» медициналық диагностикалық орталығының ашылуы сіздермен тығыз байланысымыздың айқын көрінісі",-деді. Өз кезегінде сөз алған Чонбук университетінің президенті Нам Хо Ли Кореядағы білім беру жүйесімен таныстырып, университеттер арасында қарқынды ынтымақтастық орнатудың  маңыздылығына тоқталды.

ҚазҰУ мен Корей университеттері арасындағы әріптестік Қазақстанда әлемдік жоғары стандарттарға негізделген медицина қызметкерлерін дайындаудың жаңа бағытын айқындайды. Денсаулық сақтау, стоматология саласында бәсекеге қабілетті білікті мамандар дайындау және заманауи технологияларды пайдалану арқылы корей ғалымдарының тәжірбиесіне сүйену кездесудегі басты тақырыптардың бірі болды. Сонымен қатар шара барысында тараптар IT, медицина, стоматология, білім беру, академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша қарым-қатынас орнатып, бірлесіп мамандар дайындау жайын сөз етті. Екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында жекелеген мамандықтар бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын құру, оқытушылардың біліктілігін арттыру бойынша тағылымдамадан өту, тәжірибие алмасу, қос дипломды білім беру бағытын дамыту  жайы да назардан тыс қалмады.    

 

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz