ҚазҰУ-мен танысу

04.09.2017

Көрулер: 731

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бірінші курс студенттеріне арналған «Бағдар беру» апталығы өткізілді. Университет табалдырығын алғаш аттаған студенттер  жоғары оқу орнының тарихы мен дәстүрі жайында  және ережесімен танысты.

Оларға арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында студенттер ҚазҰУ-дың  тарихы және әл-Фараби мұражайларында, кітапханасында көптеген қызықты мағлұматтарға қанық болды. Сондай-ақ олар ҚазҰУ-дың академиялық саясаты, студенттердің ар-ожданы Кодексі, ішкі тәртіп пен студенттердің ережелері, студенттерге «Керемет» орталығында көрсетілетін қызметі жайында біліп, университеттің медициналық орталығында тіркеуден өтіп тексерілді.

Ендігі кезекте олар факультеттерде белгілі ғалымдар мен ҚазҰУ-дың үздік түлектерінің көшбасшылық лекцияларын тыңдап, өзін-өзі басқаратын студенттердің белсенділерімен кездеседі. Оған қоса жалпы университеттің әлеуметтік-инновациялық «Al-Farabi university – smart city», «Айналаңды нұрландыр», «100 кітап», «ҚазҰУ-грин кампусы» сияқты көптеген жобаларымен танысатын болады.

Бірінші курс студенттерінің жатақханаларға орналасу науқаны аяқталды. Онда жастардың сапалы тұрмыс-тіршілігі мен жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Топтардың куратор-эдвайзерлері студенттерге қажетті кеңестерін беріп, туындаған мәселелердің шешілуіне жәрдемдесетін болады. Ал қыркүйек айында бірінші курс жастары факультеттер мен студенттік  топтардың активтерін сайлау науқанына қатысатын болады.

 

Баспасөз қызметі