Заңғар жазушының мерейтойы мерекеленді

29.09.2017

Көрулер: 438

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жазушылар Одағының қолдауымен белгілі жазушы, ірі қоғам қайраткері, ойшыл, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысына Н.Оразалин, У.Қалижанов, М.Әуезов,  С.Дзюба, А.Ақматалиев, Р.Сейсенбаев, М.Мырзахметұлы, Т.Жұртбай, Т.Дзюба, Ж.Дәдебаев сияқты Қазақстан, Украина, Қырғыз Республикасының белгілі ғалымдары мен жазушылары, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. Сөйлеген сөздерінде олар М.О.Әуезовтің әдеби-шығармашылық мұрасының маңыздылығын атап, оның зерттеулерінің заманауи мәдениеттану, этнография, әдебиеттану, фольклортанудағы өзектілігін тілге тиек етті.

Шара барысында жазушының өмірі мен қызметі жайлы тың әрі қызықты мәліметтер айтылып, ғалымдар М.Әуезов шығармашылығының заманауи қазақ әдебиеті шығармаларына тигізген әсерін айрықша атап өтті. Сондай-ақ жиында М.Әуезовке арналған «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітаптың тұсауы кесілді.

Конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы ашып, барлық қатысушылар мен қонақтарды атаулы әрі тарихи күнмен құттықтады. Баяндама барысында М.Әуезовтің мол мұрасына баға беріліп, оның талантының көп қырлылығы, шығармашылығының ауқымдылығы мен отандық және әлемдік әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан үлесі сөз етілді.

М.Әуезовтің «Қилы заман» повесінің жазылу тарихына шолу жасаған Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин аталмыш шығармадағы негізгі кезеңдерді жекелей сипаттады. Ол М.Әуезовтің драмалық тағдырына үлкен мән беріп, сол замандағы тарихи оқиғаның мәнмәтінін бағалады.

Баяндамасында М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер Институтының директоры Уәлихан Қалижанов классиктің шығармашылық талантының көп қырлылығын боямасыз суреттеді. Сөйлеген сөзінде У.Қалижанұлы М.Әуезовтің драматургтық, жазушылық, аудармашылық талантына тоқталды. Ғалымның айтуынша, жазушы бізге халық даналығының бай мұрасын қалдырды. Оның шығармашылығы әлі күнге дейін отандық мәдениет пен әдебиетті рухтандырып келеді.

Украин халқы үшін Мұхтар Әуезов мұрасының маңыздылығын Украина Әдебиет және өнер халықаралық академиясының президенті, жазушы, қоғам қайраткері, журналист Сергей Дзюба ашып көрсетті. Сергей Викторұлының айтуынша, заманауи қазақ әдебиетінің қайнар көзі болып табылатын қазақтың танымал жазушысы, аудармашы, әдебиеттанушы, белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлының шығармашылығы Украина халқына етене таныс. «Оның ақиық ақын Абай Құнанбаевтың өмірі жайлы екі томдық «Абай жолы» романы дүниежүзілік әдебиеттің асыл қазынасына енді. Одан бөлек Украинаның көптеген кітапханаларында 1980 жылы шығарылған Мұхтар Әуезов шығармаларының бес томдығы сақталған», -деді С.Дзюба.

Өз кезегінде «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мекеметас Мырзахметұлы «Мұхтар Омарханұлы өзінің бүкіл шығармашылық, ғылыми қызметін қазақтың ұлы ақыны, ойшыл мұрасын зерттеумен өткізді. М.Әуезов оның шығармашылығындағы тақырыптық идеялас мазмұнды, азаматтық ұстаным мен гуманизмді аша отырып Абай Құнанбаев өмірбаянын алғашқы болып жазып шықты», - деп пікір білдірсе, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Абай жолы» – шығармашылық шыңға алып баратын қазақ әдебиетінің жаңалығы», - деп оң бағасын берді.

Қазақстан мен Қырғызстанның әдеби әрі мәдени байланысының дамуында классиктің рөлі жайлы Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Абдылдажан Ақматалиев сөз қозғады. Ол Шығыс халқының әдебиетінде ойып орын алатын заңғар жазушылар бауырлас екі елдің мызғымас достығының кепілі екендігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, Украин ұлттық жазушылар одағының мүшесі, профессор Татьяна Дзюба Тарас Шевченконың шығармашылығын зерттеудегі Әуезовтің ерен еңбегіне тоқталды. Татьяна Анатольевнаның пікірінше, Мұхтар Омарханұлы әйгілі украин ақынының шығармашылығын халық шығармашылығының жалғасы ретінде қарастырады. Ол Тарас Шевченконың шеберлілігімен қатар ұлттық ерекшелігіне баса назар аударған.

Шараны түйіндеген мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов «Мұхтар Әуезов – 20-30 жылдардағы қазақ интеллигенциясының нағыз өкілі. Өмір бойы ол жастық идеалдарына берік болып өтті. Оның көп қырлы шығармашылығының негізі кілті осында» деп қортындылады.

Конференция жұмысы «М.Әуезовтің әдеби және ғылыми мұрасы», «М.Әуезов және қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелері», «М.Әуезов және аударматанудың өзекті мәселелері», «Әлем әдебиетінің даму тенденциялары, әдебиетті жоғары және орта мектепте оқытудың мәселелері» сынды секциялық мәжілістермен өз жалғасын тауып, Әуезов әдебиетіне жаңаша серпін бере түскендей.

 

 

Баспасөз қызметі