Мемлекеттік қызметке орналасу жайы сөз болды

29.09.2017

Көрулер: 226

ҚазҰУ-дың заң факультеті ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы Департамент агенттігінің қызметкерлерімен бірлесіп болашақ мамандық таңдау, мемлекеттік қызметке орналасу жөнінде семинар жұмысын өткізді. Шара барысында түлектердің мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру мәселесімен қатар «100 нақты қадам» ұлт жоспары талқыланды.

Алғашқы болып сөз алған Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Венера Мұразгелдинова мемлекеттік қызметке орналасудың жай-жапсарын айтып, толығырақ баяндады. Оның сөзінше, мемлекеттік мекемелерге кадрларды іріктеу байқауы тәуелсіз бақылаушылардың қатысуымен өткізіледі. бітірушілер байқау кезеңдерінен өткеннен кейін Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінің бірінде жетекші маман ретінде жұмыс істей алады. Өз ретінде бұл сайыстың ашықтығын көрсетсе керек. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік қызметке еш тәжірибесіз орналасса болады.

Бүгінгі күні «В» корпусының әкімшілік лауазымдарына үміткерлерді іріктеудің жаңа жүйесі енгізілген. Сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметті алу және қабылдау бөлігінде түбегейлі өзгерістер болғанын ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Шынарай Әкімхан атап өтті.

«Мемлекеттік қызметке бірінші рет кірген барлық азаматтар өзінің кәсіби қызметін тек төменгі деңгейден бастайды. Мемлекеттiк органдарда қызметке орналасу үшiн сынақ деңгейлері өзгердi», - деді ол. Мемлекеттік қызметтің жаңа форматы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ресми міндеттерін адал атқару құндылықтарына бағдарланған мемлекеттік менеджерлер қатарына ең қабілетті мамандарды тартуға талпындыратын меритократия қағидасына негізделген. Ал мемлекеттік қызметкердің төлемінің жаңа жүйесі оның құзыретіне, жұмысына, жұмысының сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты әзірленеді.

Студенттер семинар соңында көкейінде жүрген өзге де сұрақтарына жауап алды. Департамент қызметкерлері университет түлектері Алматы қаласының барлық мемлекеттік органдарындағы бос орындар жайлы Департмаент сайты мен БАҚ арқылы ақпарат алуға болатындығын жеткізді.

 

 

Баспасөз қызметі