Қадамың құтты болсын, студент!

11.10.2017

Көрулер: 835

Қазақстанның әр аймағынан арман жетелеп келген бойжеткен мен бозбала үшін бүгін ұлық мереке. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде талабы биік, таланты мол жастарды студенттер қатарына қабылдады. Қазақ білімінің қарашаңырағы жыл сайынғы дәстүрге сай ыстық ұядан қанат қаққан жас түлектерді құшақ жая қарсы алды.

Әсем әуенмен әрленген әдемі кештің әр жеткіншек үшін маңызы зор. Бүгіннен бастап олар ресми түрде университет қоғамдастығының бір мүшесі болды. Болашаққа ҚазҰУ-мен бірге қадам басуды армандаған жастар қатары жыл сайын артып келеді. Биыл 7 мыңға жуық талапты жас ҚазҰУ студенті атанды. Олардың 4098-ы мемлекеттік білім грантының, 897 Алтын белгі иегерлері, 35 халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпаздары, 187 Назарбаев инттеллектуалды мектебінің түлектері, 300-ге жуық әл-Фараби олимпиадасының жүлдегерлері  бар. Бұл – Қазақстанның жоғары білім беру тарихында ешқандай оқу орны қол жеткізбеген нәтиже.

Әуезді сазбен әрленіп, күмбезді күй шертілген шуақты шара көтеріңкі көңілмен басталды. Айтулы кеш көңілі алабұртып, көкірегін қуаныш кернеген студенттердің мерейлерін еселей түскендей. Шара барысында университет басшысы Ғалым Мұтанұлының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан  адамгершілік пен ізгілікке шақыратын, рухани құндылыққа баулитын «Айналаңды нұрландыр!», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Грин кампус» жобалары таныстырылып, білім мен ғылымың мәнін аша түсетін тағылымы мол қойылымдар ұсынылды. Биогаз, күн батареялары секілді инновациялық жобалар мен ҚазҰУ-дағы жылыжай бимен өзінше үйлесім тапты. Сондай-ақ, шарада білім ордасының әр салада жеткен жеңістері әрі жарқын жетістіктері бейнеленді.

Салтанатты мерекеде ҚазҰУ-ға жаңа қадам басқан студенттерге  ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов ID карта мен білім кілтін табыстап, жүрекжарды құттықтау сөзін жеткізді. «Біздің университет әлемдік деңгейдегі оқу орны және біз жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, адами құндылықтарды игерген білімді азамат тәрбиелейміз. Осы орайда бізде «Al-Farabi university – smart city» ауқымды жобасы жұмыс істейді. Оның негізгі идеясы адамгершілк құндылықтарды бойға сіңіріп, білім тұғырын биік ұстау», -деді университет ректоры. Ғ.Мұтанов өзін-өзі жетілдіріп, алға жетелеудің маңыздылығына тоқталып, университетте студенттерге жасалған мүмкіндіктерді ескеріп өтті.

ҚазҰУ жас көшбасшылар мектебі. Мұнда 100-ден аса жастар және студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары әлеуметтік әріптестік қағидасы негізінде қызмет атқарады. Қазіргі таңда оқу орнында спорттың 30-дан астам түрі қарқынды дамыған. Спорттық секциялар клубтық пішінде жұмыс істеп жатыр. Студенттерге арналған жүзу бассейні бар. ҚазҰУ спорт әлемінде де теңдессіз көш бастап келеді. Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Олимпиада ойындарына университетімізден 17 студент қатысып, Елдос Сметов қола, Эльмира Сыздықова күміс жүлдегер атанса, Дмитрий Баландин Олимпиада ойындарында жүзуден қазақ спорты тарихындағы алғашқы алтын медальды қанжығасына байлады. Бұдан бөлек 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен Бүкіләлемдік жазғы Универсиада ойындарында Қазақстан қоржынына түскен 6 алтын медальдің 5-еуін ҚазҰУ спортшылары жеңіп алған болатын. Республика бойынша ҚазҰУ – жазғы Универсиада ойындарының бес дүркін чемпионы. 2017 жылы Тайвэй қаласында өткен 29-шы Жазғы универсиада ойындарында, Денис Уланов, Дмитрий Баландин, Сергей Григорьев 4 медаль – алтын, 2 күміс, қола медалін иеленді.

Білікті маман, отаншыл азамат тәрбиелеуді мақсат еткен оқу орны білім беру мен ғылымның озық үлгілерін қолданысқа енгізуде.

QS халықаралық рейтингі бойынша биыл 236-орнын сақтаған ҚазҰУ әлемнің ең үздік 250 университеті қатарында. Ұлттық рейтинг бойынша да университет көшбасшылығын жыл сайын дәлелдеп келеді. Атап өту керек, ҚазҰУ студенттері мен ғалымдарының жобалары Астана қаласында өткен халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрсетілді. Күні бүгін университетте 14 студенттік бизнес-инкубатор қарқынды жұмыс істеуде.

Кеш соңында студенттер университеттің бетке ұстар шәкірті болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант етіп, «Гаудеамус» әнін хормен шырқады. Әдемі кеш дәстүрлі студенттер вальсімен жалғасып, ҚазҰУ өнерпаздарының «Жасай бер, ҚазҰУ-ым» әні қалашық аспанында әуеледі. Көңілді мереке би кешіне ұласты.

 

Баспасөз қызметі