Ғасырдан соңғы жүздесу: «Айқап» журналы - Челябі форумының рухани тұғыры

10.11.2017

Көрулер: 515

Ғасырдан соңғы жүздесу:

«Айқап» журналы - Челябі форумының рухани тұғыры

Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастығының ХІҮ форумы қарсаңында ректор, академик Ғ.М.Мұтанов бастаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ делегациясы РФ Челябі облысының Троицк қаласында болды. Көне Жібек жолының тарамдары тоғысқан осынау өңірде 1911-1915 жылдары қазақтың тұңғыш журналы - «Айқап» басылған болатын. «Мағынай базары» атты жәрмеңкенің, әйгілі медресенің мекені, тоқсан тарау жол торабындағы Троицк қаласы қазақстандықтарды құшақ жая қарсы алды.

Троицк қаласының басшысында болған қабылдауда ҚазҰУ ректоры Ресей мен Қазақстанның 130 жоғары оқу орны тұңғыш рет қатысып отырған Челябі Форумының жоғары мектептің көкейтесті сауалдарын шешудегі міндеттеріне, соның ішінде академиялық ұтқырлық пен рухани жаңғыру мәселелеріне тоқталды. Осы орайда айтулы дата – ағартушы, редактор, көсемсөзші М. Сералиннің туғанына 145 жыл толу мерейтойы Форум мақсатымен үндестік тауып жатты. Бастауында М. Сералин тұрған, қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қайтадан өмірге әкелген «Айқап» журналы Қазақстан, Ресей және Орталық Азия елдері арасындағы рухани көпір болып табылады.

Троицк қаласының басшысы жоғары оқу орындарының жемісті ынтымақтастығы идеясына қолдау білдіріп, тәуелсіз Қазақстан жетістіктерін атап өтті. Оңтүстік Орал аграрлық университетін аралау кезінде Ресейдегі ең ірі анатомиялық экспонаттар жиыны көрсетілді, бұл көрнекі құралдар соның ішінде Қазақстан мен Орталық Азиядан келген, «Ветеринария» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді оқыту барысында қолданылады. Тарихи іргетасы ертеде қаланған аймақта білім беру саласына зор маңыз беріледі. Мұнда жыл сайын жырақ шет елдерден келген ғылым қайраткерлері бас қосатын Расулев оқулары өткізіліп тұрады. Сапар барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл басқосуға ресми түрде шақырылды.

ҚазҰУ ректоры сыйға тартқан М. Сералиннің портретін, «Айқап» журналының тақырыптық триптихын, қазіргі «Айқап» журналының даналары мен бірқатар кітаптарды Троицк қаласының әкімшілігі, өлкетану мұражайы, диаспора өкілдері ықыласпен қабылдады. Университет делегациясының келгені туралы құлақтанған мәдени орталықтар мүшелері облыстың әр қиырынан Троицкіге келіп жатты. Троицк қаласының «Ақ Жайық» вокалдық тобы мен Қазақстаннан келген студенттер өнерін жиналған жұртшылық тамсана тамашалады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұдан бір ғасыр бұрын Алаш қайраткерлері негізін қалаған, қоғамдық сананы жаңғырту дәстүрін Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында белсенді түрде дамытып келеді. Алматы – Қостанай – Троицк – Челябі түйінді торабы Форум өткізілген күндері өз тағдырына бей-жай қарай алмайтын халықтар мен мемлекеттерді шекаралық Үй өзенінің бойында тоғыстырды.