«Мен жастарға сенемін!» форумы өтті

29.11.2017

Көрулер: 1766

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мен жастарға сенемін» атты дәстүрлі 5 республикалық патриоттық фестивалінің  гала-форумы өтті.

ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен студент жастардың форумын ҚазҰУ-мен бірге ұйымдастырушылар – «Жас Отан» жастар қанаты, «Жандану әлемі» қоры, « Жазушылар одағы» мен Қазақ радиосы.

Фестиваль студенттердің ел болашағына деген  патриоттық сезімі мен азаматтық жауапкершілігін, әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған. Айта кетерлігі, ауқымды шара жыл өткен сайын студенттік ортада кеңінен танылып, үлкен қызығушылық тудыруда. Соның айғағы ретінде байқауға республикамыздың 69 жоғарғы оқу орнының студенттерінен 2000-ға жуық  жұмыстар келіп түсті. Олардың ішінен 58 университеттен ең үздік 400-ге жуық автор гала-форумға шақырту алды.

 Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту үдерісінің маңызды бөлігі ретінде жастар арасында Мәңгілік ел идеясы негізінде отансүйгіштік, өз жеріне, өз ауылына, қаласына, аймағына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға басымдық берілді. Осы орайда қатарынан бесінші жыл өтіп келе жатқан республикалық «Мен жастарға сенемін» фестивалі жастардың бойындағы рухани байлықты одан сайын арттырып, болашаққа деген  ұмтылысы мен ерік-жігерін молайтқаны ақиқат.

Жеңімпаздар төрт байқау бойынша анықталды: «Еліміздің инновациялық дамуына менің қосқан нақты үлесім» атты инновациялық жобалар байқауы, «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын» атты эссе байқауы, «Мен жастарға сенемін!» поэзиялық шығармалар байқауы және «Мәңгілік ел мұратым!»  патриоттық әндер байқауы.

Жастар шығармашылығына «Ақиқат» ұлттық  қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, көрнекті ақын, фестивальдің тұрақты  мүшесі Аманхан Әлім, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп,  М.Әуезов атындағы Қазақ  мемлекеттік драма театрының баспасөз қызметінің жетекшісі, ақын Бақыт Беделханұлы, қазақ өнерін дәріптеп жүрген тұлға, композитор Владимир Питерцев және «Алатау инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының автономды кластерлік қорының бас директоры  Санжар Кеттебеков бастаған қазылар құрамы баға берді. Сыннан сүрінбей өткен жүйріктер бағалы сыйлықтармен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың біржылдық тегін оқу грантына ие болды. 

Сонымен, инновациялық жоба байқауы бойынша 3-орын Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, Жәңгір хан атындағы агротехникалық университеттің студенті Әсем Иманғалиеваға берілсе, 2-орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті Дүкенбай Дәулет, 1-орынды Орал қаласынан Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зердегүл Мүсірова иеленді.

Студенттік эссе байқауы бойынша 3-орынға Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Ғәлия Абылай, 2-орынға Астана қаласы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық  университетінің студенті  Жазира Құрманәлі лайықты деп танылса, 1-орынды Орал қаласы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Нұқы Жамбыл иеленді.

Ал «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік  поэзия байқауы бойынша  М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жанерке Ғинаят  пен  С. Сейфуллин атындағы  Қазақ агротехникалық университетінің студенті Алмат Игілікұлы 3-орын иегерлері атанды, 2-орын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Еркеназ Қалижанға, 1-орын М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің  студенті Жұлдыз Молдағалиеваға бұйырды.

«Мәңгілік ел мұратым!» патриоттық ән байқауы бойынша 3-орыннан Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің студенті Әсем Атымтайқызы көрінді, 2-орын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ерназар Жұбанға бұйырса, 1-орынды Шымкент қаласы, М. Әуезов атындағы  Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік  университетінің студенті Хасан Сыдықов пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты Елжас Жәнібек жеңіп алды.

Өз Отанына деген сүйіспеншілігін ғылыми ізденіспен, сапалы біліммен ұштастырған жеңімпаздардың қуанышында шек болған жоқ. Сондай талапты жастың бірі – 1-орын иегері, Орал қаласы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зердегүл Мүсірова инновациялық жоба байқауы бойынша  мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қолдың көмегінсіз тамақ ішуге мүмкіндік беретін құрылғы ойлап тапқан. Сонымен қатар Зердегүл балалардың ой-өрісін дамытып, оларды өнерге баулуға, әртүрлі ойындар арқылы білімге деген талпыныстарын арттыруға көмектесу үшін еріктілер жинап, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін орталықтарда көптеген іс-шаралар ұйымдастыратынын айтты. ҚазҰУ кампусын аралап көрген ол өз таңданысын жасыра алмады. «ҚазҰУ-да оқитын студенттер неткен бақытты! Мен ҚазҰУ-да оқуды  кішкентай кезімнен армандайтынмын. Бүгін, міне, біржылдық тегін оқу грантын ұтып алып, арманыма қол жеткіздім. Жастардың өз шығармашылығын танытуға зор мүмкіндік берген осындай фестивальді ұйымдастырғаны үшін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымына алғысым шексіз», – деді Зердегүл.

Студенттік эссе байқауы бойынша «Азаматтық рух» аталымымен марапатталған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің студенті Жазира Бердібай: «Мен жастарға сенемін!» фестивалі көптеген студенттердің шығармашылығын дамытуға жол ашты. Еліміздің гүлденуіне жастардың қалай үлес қосатыны жайлы ойлануға шақыратын шара. Ертеңгі болашағымызға деген жауапкершіліктен ауқымды жұмыстар мен шығармалар өмірге келуде. Өзім білім алып жатқан ҚазҰУ-дың осынау өзекті шараға мұрындық болып, бүкіл республика  студенттерінің басын қосып жатқанына қуаныштымын», – деп пікір білдірді.

 Қазылар алқасының мүшесі, М.Әуезов атындағы Қазақ  мемлекеттік драма театрының баспасөз қызметінің жетекшісі, ақын Бақыт Беделханұлы: «Таланттардың көптігіне таң қалдық. Өлеңдерінен, шынында да, ұлттық рухты, ұлтына деген жанашырлықты сезіндік. Бұл жастардың бойында әдебиетке, мәдениетке, жалпы өнерге деген қызығушылықтың басым екенін көрсетеді. Осыған әл-Фараби атындағы қарашаңырақ себеп болып отыр. «Рухани жаңғыру» аясында жастарға үлкен бағыт-бағдар беріп, көзқарастарын қалыптастыру, рухани жаңғыруға атсалысу сияқты мәселелерде ҚазҰУ-дың республикамыздағы барлық ЖОО-ларға осылай ықпал етуі заңдылық деп білемін», – деп қуанышын жасырмады. 

 «Мен жастарға сенемін!» деп жырлаған Мағжан ақынның сөзі бүгін де өміршең екендігіне баршамыз куәміз. Ата-бабаларымыз келешек ұрпаққа қашан да зор сенім артып, қолдау білдірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Мен жастарға сенемін!» форумын ұйымдастыру арқылы осы игі үрдісті жалғастырып, қазақ ұлтының рухани жаңғыруына өзіндік үлес қосуда.

 

Баспасөз қызметі