Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 4.0 университет үлгісін таныстырды

29.11.2017

Көрулер: 1873

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа жаһандық жағдай туралы айта отырып, «қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді» деп атап өтті. Бұл маңызды жұмыста академиялық қоғамдастық пен университеттерге ерекше жүк артылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үдерісіне нақты идеялар мен жобалар ұсыну арқылы белсенді және жауапты түрде қосылды. ҚазҰУ ректоры академик Ғ.Мұтанов Минск қаласында (Белоруссия) жоғары оқу орындарының жаңа даму тұғырнамасы – 4.0 университет үлгісін ұсынды.  

Үлгі Беларуссия мен Қазақстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ғылыми-білім беру консорциумының қызметін үйлестіру жөніндегі жұмыс комиссиясының VI отырысында ауқымды шетелдік ғылыми жұртшылыққа ұсынылды.

Ректордың пікірінше, қазіргі таңда заманауи университеттің міндеті білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаумен ғана шектелмейді, ол өз уақытының шынайы азаматтарын қалыптастырумен толығып, төрт компонентті: білім беру, зерттеу, инновациялық-кәсіпкерлік және рухани-адамгершілікті біріктіруі қажет.

Жаһандану және ғылыми-техникалық өрлеу заманауи әлем келбетін тез өзгертіп, ғылым мен техника өркениеттің қозғаушы күшіне айналды. Сондықтан да заманауи технологияларды жоғары руханият пен адамгершілікке негізделген ақыл басқаруы тиіс. Циолковский «мен техникалық прогресті мойындамаймын, егер ол адамгершілік прогрестен басым тұрса» деген екен. ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов ұсынған 4.0 университет үлгісі төртінші өнеркәсіптік төңкеріс қарсаңында университеттер қызметіндегі жаңа инновациялық тренд болып табылады.

Шығыстың ұлы ойшылы, есімін ҚазҰУ иеленген Әбу Насыр әл-Фараби жазғандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Осы ақиқатты тану университет дамуының жаңа үлгісін жасауға әкелді. ҚазҰУ жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде жүйелі жұмыс жүргізуде. «Al-Farabi university smart city» жобасы инновациялық-технологиялық және рухани-адамгершілік платформалардың үндестігі негізге алынған жаңа міндетпен табысты жүзеге асырылуда. Бұл қызметте жаңа жаһандық шындық пен өркениеттің дамуы жағдайында ұлттық сананы өзгерту бойынша Елбасы айтқан мемлекеттік бағдарлама нақты бағдар болып табылады.   

Аталған жобаның жүзеге асуы ҚазҰУ-дың әлемдік рейтингте қарқынды ілгерілеуіне және адам капиталының аса жоғары даму деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. Ал жаңа мақсаттар мен міндеттер төртінші буын өкілдеріне арналған университеттік үлгіде жалғасын тауып, нақты мазмұнға ие болады.  

Рухани-адамгершілік тұғырнаманы дамыту үшін оқу орны 4.0 ақылды университет үлгісі аясында БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Жасыл көпір» бастамасын іске асыруға бағытталған «Жас көпір ұрпақтан ұрпаққа» жобасын жүзеге асыруда. Осы жобаны БҰҰ «РИО+20» конференциясына ұсыну арқылы ҚазҰУ әлемдік жетекші университеттермен бірге тұрақты даму бойынша идеология, ақпарат және білім беру мен ғылыми бағдарламаларды таратуға арналған практикалық ұсыныстарды қолданысқа енгізудің тетіктерін әзірлеуде.

2017 жылы 9 қарашада Челябинскіде мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Ресей мен Қазақстан аймақаралық ынтымақтастығының XIV форумында «Жасыл көпір ұрпақтан ұрпаққа» халықаралық ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы декларацияға қол қойылды. Консорциумның қызметі университеттік қоғамдастықтың әлеуетін сапалы адами капитал – тұрақты дамудың шешуші факторы ретінде қазіргі қоғамның құндылықтар жүйесінде өзіндік бағыт-бағдарын анықтауға қабілетті, биік адамгершілік-этикалық және азаматтық қағидаларды бойына сіңірген жоғары білікті мамандардың жаңа буынын қалыптастыру үшін біріктіруге бағытталған.

ҚазҰУ БҰҰ Өркениеттер альянсімен бірлесе отырып, «Ізгілікті қоғам азаматтарын қалыптастыру. Заманауи университеттер миссиясы» халықаралық жобасын алға жылжытуда. Оның мақсаты – жас ұрпаққа бейбітшілік, мейірім мен әділеттілік идеяларын жеткізу. Сонымен қатар оның негізінде әл-Фарабидің ізгілікті қоғам туралы идеясы жатыр. Жоғары оқу орындарының түлектері кәсіби құзыреттілікпен қатар, әл-Фараби айтқан «әлемді қайырымды ететін» жоғары гуманистік құндылықтардың тасымалдаушылары әрі жеткізушілері  болуы керек.

ХХІ ғасырдағы жоғары білім берудің жаңа платформасы – 4.0 университет үлгісі отырысқа қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, жетекші ғалымдар мен мамандар тарапынан қолдау тапты.