«Кәсіпқойлармен сұхбаттасу»

06.12.2017

Көрулер: 281

ҚазҰУ-да KAZENERGY қауымдастығы және «Шелл Қазақстан» компаниясының ұйымдастыруымен «Кәсіпқойлармен сұхбаттасу» шеберлік сыныбы болып өтті.

Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған шара жұмысқа орналасудың қыр-сыры, индустриалдық және ғылыми химия, ғылымды және жобаларды коммерциялау бағыттарына арналды. Шеберлік сыныпқа танымал ғалымдар мен белгілі сарапшылар қатысып, көпжылдық тәжірибелерімен бөлісті.

Биыл IX KAZENERGY Жастар форумы (KAZENERGY қауымдастығының адами капиталды дамыту бойынша қызметі) және «Шелл Қазақстан» компаниясының STEM (ғылым, технология, инжиниринг және математика саласында білім беру) саласындағы әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы шеңберінде Қазақстанның техникалық университеттерінің студенттерін «Экспо-2017» халықаралық көрмесіне орайластырылған болашақ энергия тақырыбында ерекше және инновациялық идеялар әзірлеуге талаптандыруға бағытталған «Student Energy Challenge»  интеллектуалдық байқауы өткен болатын. Байқау нәтижесінде  үш жеңімпаз команда «Synergy», әл-Фараби ат. ҚазҰУ 1-орын; «NU Arlans» Назарбаев Университеті  2-орын; «Шығармашылық Одақ», М.Қозыбаев ат. СҚМУ 3-орынға ие болып, жеңімпаздар «Шелл Қазақстан» компаниясының 10 000, 5 000 және 3 000 евро көлеміндегі сыйлығымен марапатталған. Нәтижесінде жеңімпаз команданың жоғарғы оқу орнының аумағында ұйымдастырушылар тарапынан  «Кәсіпқойлармен диалог» шеберлік сыныбын өткізілуді ҚазҰУ-ға бұйырды.

Осы ретте шеберлік сынып барысында сөз алған РҒА А.Н.Фрумкин атындағы физикалық химия және электрохимия институтының профессоры  Александр Скундин: «Химия-эксперименттік ғылым. Соңғы уақытта литий-йондық аккумуляторларының зерттеуімен айналысу барысында мен оның құрамында сипатталған белгілі материалдардың көп екенін және оның әрқайсысының әртүрлігіне көз жеткіздім. Осы тұрғыда әрбір жас ғалым өзін тұрақты түрде жетілдіріп, көзқарасын кеңейтіп отыруы қажет. Сонда ғана ол ғылым жолындағы болашағына қол жеткізетін болады»,- дейді профессор.

Шеберлік сынып бағдарламасы барысында спикерлер химия өндірісін дамытудың перспективасы және оның қазіргі жай-күйі, Қазақстандағы ғылыми қызметтер ерекшеліктерінің даму алғышарттары, ғылыми жобаларды ынталандырудың негізі, мұнай-газ индустриясындағы жаңа технологиялар, ғылыми әзірлемелерді күнделікті өмірге енгізуді қолдайтын нарықтық механизмдер тақырыптарын талқыға салды.

Сонымен қатар спикерлер жұмысқа орналасу мәселелері бойынша рекрутинг саласында ЖОО түлектеріне түйіндемесін қалай жазудың талаптары мен сұхбатқа қалай дайындалу үлгісін көрсетіп, студенттерге келелі кеңес берді.

Баспасөз қызметі