Жаңажылдық кітап шыршасы

04.01.2018

Көрулер: 1191

Көптен бері қалыптасқан дәстүр бойынша елімізде Жаңа жыл мерекесі екі рет тойланып келеді. Біріншісі – бүкіл түркі, парсы халықтарына ортақ, табиғаттың жаңаруымен байланысты жаңа күн, жаңа жыл басы – Наурыз мерекесі болса, екіншісі – ресми күнтізбе бойынша жаңа жылдың басы, яғни жаңа жылдың басталуына байланысты.

Қысқы жаңажылдық мерекені жасыл шыршасыз елестету мүмкін емес. Шырша безендіру тарихына үңілсек, Жаңа жылды әшекейлі шыршамен қарсы алу дәстүрін Ресейде 1700 жылы қаңтардың 1-інде I Петрдің енгізгені, дәл осы жылы Ресейде жаңаша жыл санау басталғаны тарихта жазылғанын білеміз. Сонымен қатар,  кейбір этнограф-тарихшылар қыпшақтардың да шырша мерекесі болғанын, Жаңа жылдың – көшпелілердің де байырғы мейрамы екенін жазады. Мысалы, Мұрат Әджінің «Қыпшақтар» атты кітабында шыршалар мерекесін 25 желтоқсанда, Күннің Түнді «жеңген» кезінен бастап, түркілер Күннің қайта оралғанына қуанып, Үлкенге (Ульген) алғыстарын жаудырыпты, оған тәу етіпті. Дұғаларымыз Тәңірінің құлағына шалынса деген үміт-арманмен Үлкеннің сүйікті ағашы – шыршаны үйлеріне әкеліпті. Бұтақтарына неше түрлі әсем шүберектер байлапты. Яғни, шырша мерекесінің І Петр патшадан да әріде болғанын баяндап, ол түркілер дәуірінде сол халықта тойланған деп дәлелдейді.

 Қазіргі заманға оралсақ,  Жаңа жыл қарсаңында әдемі безендірілген шыршалар үй ішінде, сауда орталықтарында, көшелерде, кеңселерде, мекемелерде құрылады. Кейбір жерлерде ғимарат жанында өсіп тұрған шыршалар безендіріледі, кей жерлерде – заманауи материалдардан жасалған жасанды шыршалар. Ал Әл-Фараби атындағы кітапхана биыл екінші рет кітаптан жасалған шыршаны құрып қойды. Ұзындығы 2 метрге жуық шырша мен сәнді диванды құру үшін кітапхана қызметкерлері 1000-ға жуық есептен шығарылған кітаптарды пайдаланды. Кітапхананың кіре беріс фойесінде орналастырылған басқаларға ұқсамайтын ерекше шыршамыз Жаңа жыл қарсаңында кітапхана оқырмандарына, қонақтарға мерекелік жақсы көңіл-күй сыйлайды деген сенімдеміз. 

 Құндыз КӨБЕГЕНОВА,

кітапхана қызметкері