Венециядағы Қазақстан мәдениетінің орталығы

17.01.2018

Көрулер: 1639

Венециядағы Қазақстан мәдениетінің орталығы

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа жаһандық ақиқат жағдайындағы бәсекеге қабілеттілік жайлы айта келе, Қазақстан әлемге мұнай ресурстары және ірі халықаралық бастамаларымен ғана емес, мәдени жетістіктерімен де танылуы керектігін атап өтті. Осы маңызды жұмыста академиялық қоғамдастық пен университеттердің атқарар рөлі ерекше.

Жаңа жылдың алғашқы күндерінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясы Италияның әйгілі мәдени және туристік орталығы Венецияда орналасқан Ка’Фоскари университетінде болды. Оқу орнының көп ғасырлық тарихы мен бай дәстүрі бар және Еуропа мен әлемнің үздік университеттерінің бірі болып саналады.   

Серіктес университеттер екі жыл бойы ғылыми ынтымақтастық пен студент алмасу жұмыстарын белсенді жүргізді – қазіргі таңда бағдарлама бойынша ҚазҰУ-дың 10 студенті Ка'Фоскари университетінде білім алып жатса, өз кезегінде Қазақстан жағы италиялық жоғары оқу орнының студенттерін қабылдауда. 

Дамып келе жатқан жемісті ынтымақтастықтың нәтижесі ретінде ресми сапар барысында  Ка'Фоскари университетіндегі Қазақстан орталығының жұмысы басталды. 

Ресми кездесуде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен Ка'Фоскари университетінің ректоры Мишеле Буглиеси екі жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, қазақстандық орталықтың дамуы мен жұмысын алға жылжыту жөніндегі сұрақтарды талқылады. Аталмыш орталықтың қызметі мамандарды бірге даярлау аясында академиялық алмасуды қолдауға, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамыту және жүзеге асыруға, қазақстандық және италиялық авторлардың кітаптары мен монографияларын аударуға және т.б. бағытталған.  

Қазақстан студенттерінің Италия тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығын назарға ала отырып, ҚазҰУ базасында Италия тілі мен мәдениеті орталығын құру жөнінде ұсыныс айтылды. Серіктес ЖОО-ларда орталықтардың ашылуы ынтымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтереді, ал олардың қызметі Қазақстан мен Италия арасындағы достық көпіріне айналатын болады.  

Сондай-ақ сапар барысында ғылыми-білім беру жетістіктері мен Қазақстанның мәдени мұрасын танытуға бағытталған  айтулы оқиға орын алды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы және Ка'Фоскари университетімен бірлесе «Қазақстанмен танысу: Жаңа Жібек жолын қарсы алу» атты халықаралық конференцияны ұйымдастырып өткізді. 

Шара Италиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Қазақстандағы Италия Елшілігінің қолдауымен өтті. 

ҚР-дағы Италия Елшісі Стефано Раваньян конференцияда сөйлеген сөзінде Қазақстанның кеңінен танылуы үшін мұндай кездесулердің маңыздылығын, сонымен қатар экономика саласында ғана емес, білім беру мен ғылымда да екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту қажеттігін тілге тиек етті. Ка'Фоскари университетінің Азия және Африка департаментінің директоры Альдо Феррари ҚазҰУ ректорымен өткен кездесу және конференция екі ЖОО қарым-қатынасын жаңа даму сатысына көтергеніне назар аударды.    

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға белсене кіріскен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірқатар ғылыми-білім беру және мәдени жобаларды бастап, жүзеге асыруда. Осылайша, университет химия және химиялық технологиялар бойынша Росток (Германия) және Карачи (Пәкістан) қалаларында бірлескен зертханалар ашты, Цукуба университетімен бірге Кампустағы кампус жобасы бойынша жұмыс атқарылуда, ҚазҰУ Пекин шет тілдер университетінен Қазақстан мәдени орталығын, ал Шанхай шет тілдер университетінен қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын ашты, Ыстамбұл және Иордания университеттерінде Әл-Фараби орталығы құрылған, сондай-ақ Нидерландыда Әл-Фараби орталығын құру мақсатында жұмыс жүргізілуде.