«Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы

31.01.2018

Көрулер: 738

2009 жылы енгізілген «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы Қазақстанда жаңа болып табылады. 2010 жылы аль-Фараби атындағы ҚазҰУ механика кафедрасында аталған мамандық бойынша бакалаврларды оқытуға лицензия алып, алғашқы студенттерді қабылдап, бүгінде ҚазҰУ-де толыққанды үшдеңгейлі ғарыштық сала мамандарын дайындау жүзеге асырылуда.

Механика кафедрасы лекциялар оқуға және наносеріктерді жобалау туралы кеңес беру үшін нано- және микросеріктерді әзірлейтін әлемдегі ең танымал маман, Токия университетінің профессоры, Шиничи Накасуканы шақырып отырады, әрі онымен бірлесіп ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. ҚазҰУ Вакаяма университетімен (Жапония) UNIFORM бағарламасының аясында қызметкерлермен алмасу туралы мәселесі бойынша келісім жасасты. 2014-2015 жылдары ҚазҰУ-нің үш докторанты мен екі магистранты осы бағдарлама бойынша әзірленген Uniform-2 микросерігінің интеграциясы мен тестілеуіне қатысты.

ҚазҰУ, бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыра отырып, Берлин техникалық университетімен белсенді ынтымақтастық құруда. Берлин техникалық университеті ҚазҰУ магистранттары үшін наносеріктерді жобалау бойынша жазғы мектеп өткізеді. 2013 жылы ҚазҰУ төменгі орбиталық серіктердің телеметриясын алу үшін механика-математика факультетінде жердегі станцияны құрды.

2015 жылдан бастап механика-математика факультетінде Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында профильдік магистратура жүзеге асырылуда. Университетте жақсы материалдық-техникалық база, компьютерлік сыныптар бар. Кафедра оқытушылары үздік шетелдік жоғары оқу орындарында біліктілігін арттырып отырады. Профильдік магистратурадағы студенттерді оқытуға Токио университетінен, AGH университетінен (Польша) және академик С.П. Королев атындағы Самара ұлттық зерттеу университетінен (Ресей) шетелдік оқытушылар, сондай-ақ кәсіпорындардың мамандары тартылады. Профилді магистратураның бірінші бітірушілері 2017 жылы болды. Қазіргі уақытта барлық түлектер жұмысқа орналастырылған, олардың 90%-тен астамы мамандық бойынша жұмыс істейді, ол мамандықтың қажет екенін растайды!

Берлин техникалық университетінде, AGH университетінде, акад. С.П. Королев атындағы Самара ұлттық зерттеу университетінде магистранттар шетелдік тәжірибеден өтеді. Токио университетінде, Нагоя университетінде (Жапония), Бриджпорт университетінде (АҚШ) мамандық докторанттары шетелдік тәжірибеден өтеді.

Студенттер ғарыштық қызмет саласындағы ғылыми жобаларға кеңінен тартылады. «Ғарыштық техника және технологияларды дамыту бойынша ұлттық ғылыми мектептің құрылуы. Қазақстандық алғашқы наносерікті жобалау, құрастыру әрі ұшыру» (ғылыми жетекшісі - ҚР ҰҒА академигі Мутанов Г.М.), жобасы аясында. 2017 жылдың 15 ақпанында орбитаға ұшырылған «al-Farabi 1» наносерігі механика-математика және физика-техникалық факультеттерінің студенттерінің күштерімен әзірленген.

Білім берудің барлық деңгейлері міндетті түрде ғарыштық өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірістік немесе ғылыми практикадан өтетінін айта кету керек. Сондай-ақ, тәжірибе базасын кеңейту үшін үнемі жұмыс жүргізілуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ті Ионосфера институты, В.Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институты, Ғарыштық техника және технологиялар институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ұлттық орталығы секілді ғарыштық өнеркәсіп кәсіпорындарына магистрлер и докторларды дайындайды.

2017 жылдан бастап акад. У.А. Жолдасбеков аындағы механика және машинажасау институтымен бірлесе отырып мамандарды бірлесіп даярлау бағдарламасы аясында «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша магистратура мен докторантура ашылды.

Жаңа мамандық шетелдік студенттер үшін тартымды болып жатыр. 2015 жылы IAESTE халықаралық бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарының студенті кафедрада тәжірибе өтті. Осы бағарлама бойынша 2016 жылы Оңтүстік Корея, Польша, Испаниядан – үш студент,  2017 жылы Словакиядан, Чехия, Польша, Австриядан – төрт студент тәжірибеден өтті. 2016-2017 оқу жылында CASEU бағдарламасы бойынша стажер-зерттеуші ретінде Испаниядан келген магистрант оқыды. 2017-2018 оқу жылында FLAGMAN бағдарламасының аясында «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша Құрама Штаттарының студенті өндірістік практикасын өтуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бір жағынан Казкосмос кәсіпорындарымен, ал екінші жағынан, әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастықтарын кеңейтіп әрі нығайтып, белсенді түрде дамытылуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Қазақстанның ғарыш саласы үшін жоғары білікті және сұранысқа ие мамандарды дайындау жоғары сапалы деңгейге тез көтерілуде.

З.Б. Ракишева, ф.-м.ғ.к., доцент, механика кафедрасының меңгерушісі

Г.М. Маемерова, PhD, аға оқытушы