Нәтижелі менеджмент

01.02.2018

Көрулер: 804

 

Нәтижелі менеджмент

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 23-25 қаңтар аралығында ресертификаттық аудит өтті. Бұл университеттің сапа менеджменті жүйесінің (СМЖ) ISO 9001:2015 стандарттық талаптарына сәйкестігін тексеруге бағытталған.  Тексеру жұмыстарын TQCSI International PTY LTD компаниясының аудиторлары жүргізді. Аудит аясында басқарудың үдерістік менеджментінің университеттің құрылымдық бөлімшелерінде жүзеге асуы да тексерілді.  

Аудиторлар атап өткендей, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да СМЖ құжаттарын және жаңа құжаттарды ISO 9001:2015 талаптарына сай дайындау бойынша  ауқымды жұмыс атқарылған.  

Университет мамандары сәйкестендіру, бағалау және тәуекелдерді басқару үдерісін даярлап, енгізді. Қазіргі таңда үдерістік менеджментке жұмылдырылған қызметкерлер құрамы артып, бұл үдеріс одан әрі қарқын алуда. 

Сондай-ақ үдерістердің нәтижелілігіне қойылатын талаптарды анықтау және бағалау механизмі жетілдірілген. Тексеру барысында кафедралар мен факультеттер деңгейіндегі жұмысқа толық SWOT сараптау жасау және оның негізінде жұмысты жақсарту бойынша жоспарларды дайындауда индикативтік көрсеткіштер жүйесінің тиімді қолданылып отырғандығы анықталды. 

TQCSI компаниясының аудиторлары өткізген ресертификациялық аудиттің қорытындылары бойынша, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үдерістік менеджмент табысты жұмыс істеуде және университет қызметі ISO 9001:2015 талаптарына сай сапа менеджменті жүйесімен басқарылуда.

Ресертификациялық аудит барысында  екі жақ келісімге қол қою жөнінде уағдаласты. Оның аясында «Стандарттау, метрология и сертификаттау» мамандығы бойынша білім алып жатқан ҚазҰУ студенттері TQCSI компаниясы базасында тәжірибеден өтетін болады.

Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында TQCSI компаниясы университеттің жұмысқа тұра алмаған және өзін-өзі жұмыспен қамтушы түлектерін (300 адамға дейін) тегін үйрететін болады.

Гүлшат МИНАЖЕВА,

үдерістік менеджмент секторының жетекшісі