Қазақ музыка өнерінің алып Тұлғасы!

01.02.2018

Көрулер: 1015

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында «Өнегелі өмір» сериясы бойынша қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық артисі, өнертану ғылымының докторы, профессор, және де алғашқы академигі Ахмет Жұбановқа арналған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Салтанатты жиында биология ғылымдарының докторы, профессор, академик Ажар Жұбанова, Абай атындағы опера балет театрының директоры Асқар Бөрібаев және де М.О. Әуезов атындағы орталық мұражайдың директоры Диар Қонаев болды.

Тұсауксер рәсімінде алғашқы болып сөз бастаған ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов жиналған барша қауымға өз алғысын білдіре отырып, «Өнегелі өмір» ел қадірлейтін қайраткерлердің білім жолын, өнегесін баян ететін сериялық кітаптар топтамасы. Ахмет Қуанұлы біздің халқымыздың мақтан тұтар тұлғасы, біз қашан да елім деп еңірейтін, туған жері үшін ерінбей еңбек еткен азаматтарды «Өнегелі өмір» сериясына енгізіп, өнегелі өмірін ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтып келеміз. Ахмет Жұбанов Қазақстандағы музыкалық мәдениет пен ғылыми мектептің дамуына үлкен үлес қосқан тұлға, сондықтан да тума талант, дархан дарын иесін, біз әрқашанда мақтан тұтамыз»,-деді.

Келесі болып сөз алған Асқар Бөрібаев «Ахмет Қуанұлы біздің еліміздегі нөмірі бірінші музыкант, қазақтан шыққан тұғыш әйгілі «Абай» операсын жазған кәсіби дирижер әрі композитор. Және де ең бастысы ол әлемге ата-бабларымыздың ұлы мұрасын ашып көрсеткен тұлға. Егер де кезінде Ахмет Қуанұлы қазақ музыкасын зерттемесе, бүгін де біз Құрманғазы, Дулеткерей, Дина сынды кереметтей тұлғаларды және де олардың шығармашылығын терең білмес едік. «Абай» Қазақ опера репертуарының маңдайалды классикалық туындыларының бірегейі екені ақиқат. Бүгінде «Абай» операсы неміс, француз, орыс тілдеріне аударылып, халықаралық деңгейде Германия, Париж сынды әлем қалаларында сахналанып жүр, және де әрбір қойылымда зал лық толы болады, бұның өзі «Абай» операсының қаншалықты әлемдік деңгейде жазылғанына тағы да көз жеткізеді»,- деді.

Ахмет Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова өз сөзінде «Кітаптың шығуына мұрындық болған ҚазҰУ және де үлес қосқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Ахмет Қуанұлы  талай талантты шәкірттер тәрбиелеп, қазақтың музыка өнерінің дамуына талмай еңбек етті. Қазақтың халық музыкасын ерекше сүйіп, өмірінің соңына дейін зерттеп өтті. Сонымен қатар  көптеген этнографияалық зерттеулер, көркем очерктер мен халық шығармашылығынан мыңнан астам ән мен күйді жазып алып, нотаға түсіріп мұра ретінде қалдырды. Ахмет Жұбанов Қазақ музыкалық мәдениетін қалыптастырған тұлға, және де бүгінгі «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітап ұрпақтарымызға алтын мұра болып қалары ақиқат»,- деді.

Жиын барысында көпшіліктің назарына композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді. Көптеген туындыларды дүниеге әкеліп қазақтың домбырасын әлемге танытқан Ахмет Қуанұлы қазақ музыкасын өз өмірінің басты идеалына айналдырыра біліп, өз ісінің хас шебері болған дара да дана тұлға. Жылдар жылжып, заман қанша өзгеріске ұшыраса да халық ешқашан да өз елінің, жерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаларды ұмытпауы тиіс. Осы орайда А. Жұбановтың әрбір шығармасы халықтың жадында жатталып, жүректерде сақталып, тарихымызда мәңгілікке алтын әріптермен жазылып қалары ақиқат.

 

                                                                                                                                                                                                                  Баспасөз қызметі