"Парасаттың" пайымды нәтижесі

09.02.2018

Көрулер: 819

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Парасат» қызметкерлер кәсіподағының конференциясы өтті.

Конференцияда 2017-ші жылдың нәтижелеріне есеп беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.  Жиында алғашқы боп мінбеге шыққан «Парасат» қызметкерлер  кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев Елбасымыздың жолдауына тоқталуды жөн санады. «2017 жылдың аяғы мен 2018 жылдың басы үлкен саяси оқиғаларға толы болды. Солардың ішінде Елбасымыздың Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» атты бағдарламасы, оған қатысты ҚазҰУ көптеген іс-шаралар атқарып жатыр. Сонымен қатар жақында ғана Елбасымыздың барша Қазақстан халқына жасаған жолдауында 10-міндет бағдарламасының ішіндегі бізге қатысты 7-ші міндетке тоқтала кеткен маңызды.  «Адами капитал- жаңғыру негізі» атты бөлімінде,  Елбасы жоғарғы білім беру саласында жасанды интеллект пен ақпараттық технологиялар бойынша білім алатын, түлектер санын көбейтуді тапсырды. Демек ел экономикасы мен саясатының ғылым мен білімінің дамуында жоо-ның атқарар қызметі мен жауапкершілігі маңызды екені ақиқат. Осы орайда ерекше айта кетер жайт, Елбасымыздың жолдауын алғашқылардың бірі болып қолдау мақсатында, IT-мамандықтарын көбейту үшін, біздің университетімізде 16-шы ақпараттық технология атты жаңадан факультет ашылып жұмыс жасап жатыр»,-деді.

Сонымен қатар конференцияда әлеуметтік еңбек, құқықтық және экономикалық қорғау, демалыс, денсаулық сақтау жұмыстарын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың нәтижесі айтылды. Сондай-ақ қызметкерлерді қолдау мақсатында шипажайлық-курорттық емдеу турлары ұйымдастыру қолға алынған. Оған қоса баршамыз білетін  «Өз мамандығының шебері» атты жыл сайын, дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын байқаудың да қызметкерлер үшін маңыздылығы жоғары екенін тілге тиек етті. Одан бөлек «Тазалық байқауы», «Ең үздік жатақхана сынды» көптеген байқаулар ҚазҰУ қызметкерлерін сауатты бәсекелестік пен ұйымшылдыққа баулитынын жеткізді. Ал кәсіподақ ұйымының мүшелері жыл бойы жасалған жұмысқа баға беріп, өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді.

Конференцияда сөз алған әлеуметтік даму жөніндегі проректор Шолпан Жаманбалаева «Парасат» кәсіподағының әрдайымда белсенді әрі өз жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарайтынын айтып, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. 

 

Баспасөз қызметі