Альянс университеттерінің басқосуы

01.03.2018

Көрулер: 489

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі Болат Атымбаевпен кездесу өтті.

 Аталмыш іс-шараға қалалық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Шыңғыс Бескемпіров пен аудандық білім беру бөлімдері және де мегаполистің ЖОО, колледждің өкілдері қатысты.

Альянстің мақсаты – Мемлекет басшысының мақаласында айқындалған студенттік жастар арасында рухани және мәдени құндылықтарды сақтап оны әрі қарай дамыту. Қазіргі таңда жастардың білім алуына үлкен назар аударылуда. Бұл бағытта кез-келген адам баласы білім алу барысында өзін тани түсетіндіктен, «Тәрбие және білім» атты ішкі бағдарламаға ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар жақын арада қалалық студенттер арасында спорттық спартакиада ұйымдастыру жоспарлануда»,- деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» Акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі Болат Атымбаев.

Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында альянс жобасы 38 университеттің басын біріктірген болатын. Альянстың негізгі мақсаты оқытушылар мен сарапшылардың мүмкіндіктерін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында қолдану болып табылады. Жақын арада Альянс «University 38» бірқатар іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Солардың бірі – бірінші қалалық форум, бірегей нысандар тақырыптарына арналған ғылыми конференциялар мен интернет жобалар арқылы қазақ халқының мәдениетін танымал ету және т. б.

Кездесуге қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында бірігіп жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді.

 

 

Баспасөз қызметі