Малқардың мақтанышы Қайсын жырлары

10.03.2018

Көрулер: 342

Шығыстану факультетінде түркі халықтарының ақыны, дара тұлға Қайсын Кулиевтің шығармашылығына арналған «Түркі даласының ұлы ақыны» атты дөңгелек үстел өтті.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы ұйымдастырған шараға Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы түркі халықтарының этномәдени ұйымының жетекшілері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және оқытушылар мен білімгерлер қатысты.

Шараны ашқан шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре «Малқар халқының біртуар тұлғасы «Әлем ақыны» атанған Қайсын Кулиевтің шығармашылығына арналған шараны өткізуге ҚР Мәдениет министрлігінің өкілі шығыстанушы-ғалым Асқар Тұрғанбаевтың өзі арнайы мұрындық етті», -деді.

«ТҮРКСОЙ ұйымының мақсаты - түркі тілдес халықтар мен ұлыстар арасында достық қарым-қатынас орнатып, ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін зерттеу және насихаттау болып табылады. Осы тұрғыда өткен жылы қараша айының бірінде Нальчик қаласында малқар ақынының 100 жылдығы аталып өткен болатын. Бұл шара 7-8 желтоқсанда Бакуде, кейін Қырғызстанда да өз жалғасын тапты», - деді Асқар Тұрғанбаев.

Шара соңында ақынның «Тәңірімнің қылышы» атты аудармасы мен «Бұл таулар тұрғанша» деп аталатын екі кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, шарадан рухани азық алған студенттер ақын жырларын жатқа оқыды.

 Шығыстану факультеті