Chiyoda Technol Corporation компаниясының өкілдері ҚазҰУ-да

06.04.2018

Көрулер: 935

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев Chiyoda Technol Corporation компаниясының өкілдері бастаған жапондық делегация құрамымен кездесті.

Сөз алған бірінші проректор Мұхамбетқали Бүркітбаев білім беру саласындағы Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын ерекше атап өтті.

«Қазіргі уақытта ҚазҰУ Токио ауыл шаруашылығы және технология университеті, Васеда, Ракуно Гакуин, Аояма Гакуин және Цукуба сынды Жапонияның ең ірі университеттерімен тығыз байланыс орнатады. Университетте жапон серіктестерімен бірлесе отырып бірқатар ғылыми-білім беру орталықтары құрылған.ҚазҰУ базасында кескін жасау құрылғыларын шығаруға арналған әлемге әйгілі «Konica Minolta» компаниясының озық технологиялар лабораториясы ашылған. Университет студенттері мен оқытушылары алдыңғы қатарлы технологияларды меңгеруді осы зертханада, сонымен қатар «Konica Minolta» Академиясында онлайн курстарда да оқи алады. Шығыстану факультетінде жапон тілі және әдебиеті бөлімі жұмыс жасайды. Жыл сайын Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің қатысуымен жапон тілінде шешендік өнер сайысы, олимпиадалар, көрмелер, мастер-кластар өткізіледі. Университеттің ғалымдары мен оқытушылары Жапон Атом Энергия Агенттігінен, ұйымдар мен қорлардан қаржылай көмек алу арқылы Жапонияның жетекші жоғары оқу орындарында және ғылыми институттарында біліктілігін арттыруға мүмкіндік алған»,–деді бірінші проректор.

Өз кезегінде медициналық құрылғылар бойынша кәсіби бөлім директорының орынбасары Мимура Койчи ядролық энергетика саласындағы қызмет туралы және осы салада мамандандырылған жабдықтарды шығару жайлы толық ақпаратпен бөлісіп, ҚазҰУ ұжымына шексіз алғыс білдірді.

Кездесу барысында ядролық медицина саласында ұйымдардың ынтымақтастығын дамыту, бірлескен оқу бағдарламаларын, ғылыми зерттеулерді, біліктілікті арттыру және академиялық ұтқырлықты ұйымдастыру мәселелері талқыланып, жиын соңында тараптар екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Баспасөз қызметі