Ректор Абдул Салик Ханмен кездесті

07.04.2018

Көрулер: 878

ҚазҰУ ректоры Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абдул Салик Хан бастаған делегация құрамымен кездесті.

Кездесуге COMSATS ұйымының атқарушы директоры Сайед Мухаммед Джунаид Заиди, COMSATS Ақпараттық технологиялар институтының ректоры Рахиль Камар, IT COMSATS институтының халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ашрад Малик және басқа да өкілдермен қатар ҚазҰУ басшылары қатысты.

"Бүгінгі кездесу Пәкістан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастықтың мейлінше пәрменді дамуына арналып отыр. Осы ретте сіздің арнайы біздің университетке келуіңіз екі ел арасындағы тиімді байланыстың нығайуына әсіресе ғылым, білім және технология салаларын одан әрі жақсартып жаңа деңгейге көтеруге өз септігін тигізеді. Беделді халықаралық COMSATS ұйымның белді мүшесі болу да біз үшін үлкен мәртебе. Сондықтан да  IT COMSATS институтымен бірлескен ғылыми жобалар жасау, ғалымдар дәрісі,  студеттік алмасу, тағылымдамадан өту, орталықтармен тәжірибе алмасу бағыттарын жетілдіруді одан әрі қолға алсақ"-деді ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. Сондай-ақ ол технология дамыған заманда ғылым, техника  және гуманитарлық ғылым саласына да ерекше мән беріп, делегация құрамына шексіз алғыс білдірді.

Шара аясында тараптар IT технология, қашықтықтан оқыту, жазғы мектеп ұйымдастыру, мамандар дайындау және оларды өзара оқыту саласындағы ынтымақтастықты жақсартуға қатысты ортақ пікірге келді. 

IT COMSATS институтының ректоры Рахиль Камар аталған бағыттарда  
екіжақты қатынастарды дамытуға үлкен мән беріп, мүдделі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге әзір екендіктерін жеткізді.

Шара соңында ITCOMSATS институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, тараптар өзге де өзекті бағыттарды кеңінен талқыға салды.

Баспасөз қызметі