Көкпардан жарыс өтті

14.05.2018

Көрулер: 1330

Алматы қаласында қазақ халқы ұлықтайтын ұлттық ойын Көкпардан жоғарғы оқу орындарынан студенттік командалар қатысқан айтулы жарыс өтті. Аталмыш жарыс «Алаш» стадионында өтті. Есептік нәтижеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың намысын қорғаған атқамінерлер екінші орынды қанжығаларына байлады.

Жалпы әр топ ойын барысында кезектесіп ауысқан 4 қатысушыдан құралады. Себебі, бірнеше минуттың өзінде тұлпарды тақымдап отырып, қазандықты бос қалдырмай олжа салудың өзі оңай болмайды. Сондықтан да көкпарды еті тірі, епті әрі қайрат-күші мол жас жігіттер ойнайды.

Айта кетерлік жайт, тартысқа толы аталмыш бәсекеде Экономика және бизнес Жоғарғы мектебінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығының» 3-ші курс студенті Қожамбердиев Абылайхан да шеберлігін көрсеткен болатын. Болашақ елдің бетке ұстар азаматының айтуынша, ол бала кезінен-ақ аттың құлағында ойнап, көкпарға ерте жастан бастап дайындалған. Абылайхан жарыс кезінде өзінің осы қырын жақсы танытып, қазақ халқының ұлттық болмысын айқын көрсеткен болатын.

Өскелең ұрпақ, жалынды жастардың білімге құштарлығы мен өз халқының салт-дәстүріне деген аса зор құрметінің арқасында біздің елдің алар асқары биік болары хақ. Осы орайда  ҚазҰУ студенттер еліміздің құндылықтарының қайта жаңғыруына өз үлестерін қосып келеді.

 

Менеджмент және маркетинг кафедрасы