ЖОО арасындағы телекөпір

04.06.2018

Көрулер: 788

ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында «Шетел студенттерінің Қазақстанға көзқарасы» атты ЖОО арасында телекөпір болып өтті.

ҚазҰУ-ғы «Рухани жаңғыру» ғылыми инновациялық орталығы жобалық кеңсесінің басшысы Кенжехан Матыжанов телекөпірді аша отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай ҚазҰУ-да атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Алғашқылардың бірі болып Жапониядан келіп білім алып жатқан ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенті Такуро Оучи ««Рухани жаңғыру» қазақ елін мықты біртұтас ел болуға жетелейді. Мен осы білім ордасында қазақ тілін үйренумен қатар қазақ ұлтының ұлттық құндылықтарының өте бай мұрасы бар екенін білдім. Мәселен «Алпамыс батыр» эпостық жырын, «Айша бибі», «Қарахан батыр» жайында аңыздар оқып, олардың кесенесін өз көзіммен көрдім. Қазақ елінің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, өнері менің қызығушылығымды тудырды. Алдағы уақытта жапон халқында кездеспейтін қазақ елінің эпостық жырларын зерттеумен айналысқым келеді»,-деді Такуро Оучи.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Бағдаулет Ахжол ұлттық кодты сақтауда жастарға жүктелетін жауапкершілік жайлы өз ойын ортаға салды. «Бүгінде Елбасымыз жастардың оқу-білім алуына бар мүмкіндік жасап берді. Осы тұрғыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жас ұрпақтың сана сезімін жетілдіріп, саяси тұрақтылықты дәріптеуде маңызды рөл атқарады деп аталған мақаласының мән-маңызына тоқталды.

Сондай-ақ телекөпірге қатысушы басқа да жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары аталмыш мақалада сөз болған түйінді мәселелер жөнінде кеңінен пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.

Баспасөз қызметі