«Тотал Энерджи» жазғы мектебі аяқталды

15.06.2018

Көрулер: 735

ҚазҰУ-да «Тотал Энерджи» жазғы мектебінің жабылу салтанаты болып өтті.

Сөз алған ҚазҰУ ректоры «Тотал компаниясының арнайы ұйымдастыруымен қолға алынған жазғы мектепті ҚазҰУ қабырғасында өткізу туралы ұсынысты біз қуанышпен қабылдадық. Университет студенттері мен оқытушылары атынан жазғы мектеп барысында дәріс оқыған француз профессорларына ерекше алғысымды білдіремін. Осы 5 күн ішінде шараға қатысушылар ғылымның түрлі салаларында өздерінің білімін едәуір кеңейткеніне сенімдімін. Және ҚазҰУ атынан Тоталь компаниясына өркендеу мен толағай табыстар тілей отырып, болашақта одан әрі ынтымақтастығымыз жемісті болады деп сенемін», - деді Ғалым Мұтанов.  

«Total» компаниясы жетекші халықаралық мұнай-газ компанияларының бірі және төмен көміртекті энергетика саласындағы басты көшбасшы саналады. Тотал компаниясының Қазақстандағы басқарушы директоры Паскаль Бреан «Біздің компания әлемнің 130-дан астам елінде өз қызметін дамытып онда 98 мың қызметкер жұмыс істейді. Қазақстанда «Total» компаниясы Қашаған жобасының 16,81% акционерлерінің бірі болып табылады. Қазақстандық жоғары оқу орындарымен білім беру жобаларында белсенді ынтымақтасып, студенттік және жастар бірлестіктерінің қызметіне қолдау көрсетеді», - деді директор.

ҚазҰУ-дың «Геоэнергетика» ғылыми зерттеу орталығының базасында ұйымдастырылған шара барысында компания өкілдері «Мұнай және газ», «Мұнай өңдеу саласы», «Геология және экология» пәндері, сондай-ақ осы салаға қатысты «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық», «Бизнес және менеджмент» пәндері бойынша білім алушы бакалавриат студенттері мен магистранттарды қабылдайтыны жайлы да айтып өтті.

ҚазҰУ жанындағы «Геоэнергетика» орталығы Қазақстан мен Франция Президенттерінің қолдауымен 2010 жылдың маусым айында құрылған. Орталық екі достас елдердің университеттері арасындағы әріптестік пен қос дипломдық бағдарламаның көпірі болып саналады. Оның негізгі мақсаты Францияның жоғары білім жүйесінің қатысуымен энергетикалық ресурстар және тұрақты даму саласындағы Қазақстанның ғылыми элитасын қалыптастыру. Ашылғалы бері орталықты 80 магистрант, 5 ғылым кандидаты тәмәмдап, 15 ғылыми мақала жариялады.

Жазғы мектеп аясында студенттер теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жан-жақты жетілдіріп, Тотал компаниясы туралы толық мағлұмат алды. Дәрістер «Тоталь» мамандарымен кәсіптік тәжірибе негізінде және тәжірибедегі нақты мысалдарды зерделеу түрінде өтті.

Баспасөз қызметі