Алматыда білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдері талқыланды

27.06.2018

Көрулер: 1017

Алматыда білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдері талқыланды

Алматыда «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» жемқорлыққа қарсы жобасы аясында білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерінің картасы талқыланды. Жоғарғы оқу орындары, мектеп, колледж өкілдері «SANALY URPAQ» жобалық кеңсесіне жиналып, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің, білім басқармасының жетекшілерімен білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың амал мүмкіндіктерін қарастырды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасының жобасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы жемқорлыққа қарсы технологиялар ҒЗИ тарапынан жасалған. Бұл құжат мектепке дейінгі оқу мекемелерінен бастап жоғары оқу орындарындағы басқару, қаржы-шаруашылық, білім-ғылым, әлеуметтік-тәрбиелік сияқты білім беру салаларының барлық қызметін қамтыған. Жемқорлық тәуекелдері бағаланатын болса, онда шетелдік тәжірибеге сүйене отырып жемқорлыққа тосқауыл қойылатын тиісті технологиялар мен білім беру мекемелерінің ресурстарын тиімді пайдалану бойынша нұсқаулар жасауға мүмкіндік туады. 

"SANALY URPAQ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев атап өткендей, «жемқорлыққа қарсы технологиялар мен жемқорлық тәуекелдері картасының кезеңдік және жүйелік жұмысы болашақта білім беру мекемелерінің жемқорлыққа қарсы жасаған қызметіне қатысты барлық деңгейдегі рейтингілік баға көрсеткіштері мен нақты мониторинг критерилерін жасауға септігін тигізеді». Жемқорлыққа қары жобалық кеңсесі өзінің рейтингтік-мониторинг қызметін сандық форматына шығаруды жоспарлауда. Оның негізгі ажырамас бөлігі әлеуметтік сауалнанамалар болып табылады және осы жолы өткен отырыста оның әдіс-тәсілдері көпшілікке ұсынылып таныстырылды.  

Жоғарыда аталған құралдарды енгізу әр білім мекемесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті шынайы бағалауға мүмкіндік береді.

Олардың барлығы жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділік дәрежесі бойынша сараланатын болады. Рейтинг нәтижесі бойынша Алматы қаласының картасында білім саласындағы ең аз және ең көп жемқорлық тәуекелдер аймағын анықтау ұйғарылуда. Аталмыш жоба ұйымдастырушыларының ойынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы рейтинг барлық білім мекемелері үшін өздерінің жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға деген пәрменді ынталандыру болмақ. Жиын барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологияның тәжірибесі талқыланды, мұнда 2011 жылдан бері «Жемқорлықтан тыс университет» жобас жүзеге асуда.

Жиын барысында университеттің нәтижеге қол жеткізуге бағытталған басқаруды іске асырудағы индикативтік жоспарлауы, оқытушылар қызметінің рейтингтік тұрғыдан бағаланып еңбектің дифференциалды төленуі, бірыңғай ақпараттық-сараптамалық жүйе мен университеттегі бизнес процестердің сандық технологияларын жасау сияқты жұмыстар жиналған қауымның қызығушылығын тудырды.

 

 

Баспасөз қызметі