Медиа біліміндегі басымдықтар

05.07.2018

Көрулер: 438

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев және ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевтің қатысуымен еліміздегі медиа саласындағы кадрлардың әлеуетін тиімді дамыту және медиа білім беру сапасын жақсарту бойынша мәжіліс өтті. Жиында БАҚ бас редакторлары, ЖОО журналистика кафедралары меңгерушілері, салалық қауымдастық өкілдері медиа білім беру мәселесін талқылады.

ҚР БҒМ Министрі Ерлан Сағадиев журналистика білім берудің жаңа форматына көшу жолдарын ұсынды: «Журналистика алдымен кәсіп. Сондықтан осы саланың маманы болу үшін өзің жазатын саланы игеру керексің. Мәселен, медицина саласында жазу үшін медик маманы, экономика тақырыбын жазуда экономист не банкир, сосын журналист болу керек. Журналисті экономикаға баулығаннан гөрі, ақпаратты дұрыс жеткізу үшін де экономист білімі керек».

Білім беру заңына өзгерістер туралы Министр мырза екі басымдықты атады. Біріншісі – 4 жылдың орнына 2,5 жыл білім алып,  кредит жинау. Белгіленген кредит жинау басты талап. Екіншісі – арнайы жүйе енгізіледі. Журналист әрі экономист, керісінше экономист сосын журналист даярлайтын қажетті жүйе. Енді жоғары оқу орындары пәнаралық бағдарламалар жасауы тиіс. Міне, сонда өзінің жазатын саласын талдай, жаза алатын журналистер даярланады. Медиа нарықта өте үлкен бәсекелестік бар. Елімізде 30 жоғары оқу орны журналистер даярлайды.

Осы мәжілістен соң журналистика факультетінде Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай  «Заманға лайық журналист мамандар даярлау мәселелері» атты республикалық оқу-тәжірибелік алқасөз өтті. Алқасөз нәтижесінде факультеттің № 222 Ж. Кенжалин атындағы «Баспасөз және жаңа медиа оқу» дәрісханасы БАҚ басшылары қолдауымен жабдықталмақ.

Журналистика - ақпараттар мен жаңалықтардың галактикасы. Ақпарат индустриясында ең ұшқырлар мен тапқырлар ғана өзінің биігіне самғай алмақ. Біз ұшырып жатқан әрбір түлек осынау алып ғаламнан үзік болса да цифрлық ядроның бір кірпішін өзіне еншілеп алып жатса, сол үлкен абырой. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздегі журналистика мамандығы бойынша алғаш рет ағылшын тобы түлектерін ұшырды.

Жюль Верннің 2889 жылғы американдық журналистің бір күні әңгімесінде: "До чего же выгодное ремесло – ремесло журналиста в конце двадцать девятого века!", -деген тезисі шын мәнінде, ғасырларды ақпаратпен жалғап тұрған ақиқатты ұсынды.

Баспасөз және БАҚ кафедрасы