Қабылдау комиссиясы

19.07.2018

Көрулер: 861

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қабылдау комиссиясы 18-26 шілде аралығында республикалық білім гранты байқауына талапкерлерден құжат қабылдайды.

Қабылдау комиссиясы келесідей жұмыстар атқарады; университет мамандықтарының ерекшеліктері жөнінде жастарға толық түсіндіру, талапкерлерге қабілеті мен бейіміне қарай қызығушылық танытқан мамандығы туралы толық мағұлмат беру. Қазір университет 15 факультет бойынша 85 мамандыққа құжат қабылдау жұмысын жүргізіп жатыр.

Білім беру грантын алу байқауына қатысу үшін талапкерлер 18-26 шілде аралығында университеттің қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды тапсыруы тиіс:
- білімі туралы құжат (түпнұсқа);
- ҰБТ немесе кешенді тест бойынша сертификат;
- жеңілдіктері бар екенін анықтайтын құжат (бар болған жағдайда);
- 3х4 пішініндегі 2 фотосурет;
- 086-У нысанындағы медициналық анықтама;
- фотосуреті бар жеке куәліктің көшірмесі керек.

Қабылдау комиссиясы жұмысының өзгерістері туралы айтар болсақ, былтыр әрбір талапкердің білім беру гранты байқауына қатысуы үшін өтініштер мемлекет бекіткен бланкты толтыру арқылы жүзеге асырылған болатын. Ал биыл барлық өтініштерді электронды форматта яғни веб-портал арқылы қабылдайды. Байқауға түсетін балл мемлекет тарапынан реттеледі, ұлттық университеттерге барлық мамандықтар бойынша 65 баллдан төмен болмауы керек, ал педагогикалық мамандықтар 60 баллдан жоғары болуы тиіс, жекеменшік оқу орындары үшін 50 баллдан жоғары болуы қажет. Сонымен қатар ақылы бөлімге 25 тамызға дейін талапкерлер өз құжаттарын тапсыра алады.

Республикалық байқау комиссиясы 27 шілде мен 5 тамыз аралығында өтініш берген талапкерлердің грант иелену мүмкіндігін қарастыратын болады, ал қортындысы республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланады.

Сонымен қатар биыл алғаш рет ҚазҰУ-да шетелдік талапкерлерді онлайн қабылдау жүйесі іске қосылды. Аталмыш жүйе бойынша университеттің барлық мамандықтарына өтініштер қабылданады.

Жоғары білім алуға талпынған талапкерлерге ақ жол тілейміз!

 

Баспасөз қызметі