Қош келдің жас талапкер!

26.09.2018

Көрулер: 393

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жаңа оқу жылының жарқын оқиғасы бірінші курс студенттерін Студенттік қатарға қабылдау салтанатты шарасы өтті.

Ауқымды студенттік мерекеге биыл 7 мыңнан аса бакалавриатқа түскен бірінші курс студенттері келді. Олардың 6 мыңнан асасы мемлекеттік білім грантын иеленген үздік мектеп түлектері болса, қалған басым бөлігі «Алтын белгі» иегері, әртүрлі байқаулар мен халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы. Бұл – Қазақстанның жоғары білім беру тарихында ешқандай оқу орны қол жеткізбеген нәтиже. Саналы әрі үлкен мақсатқа толы талапкердің сапалы білім алуы үшін еліміздегі жетекші оқу орнын таңдауы аталмыш университетке деген жоғары сенімді білдіреді.

ҚазҰУ әлемдегі үздік топ-220 ЖОО-ның қатарында әрі білім, ғылым және инновацияның жетекші орталығы болып табылады. Университетте әлемнің әйгілі жоғары оқу орындарымен серіктесе отырып қосдиплом білім бағдарламалары белсенді енгізілуде, оқыту ағылшын тілінде жүзеге асып, көптеген жаңа мамандық ашылуда.

Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы алаңында өткен мерекелік шарада «Аl-Farabi Smart Unversity», «100 кітап», «Айналаңды нұрландыр!», «Ар-намыс кодексі», «Саламатты дене мәдениеті» сынды университеттің негізгі жобалары композициялық қойылымдар арқылы 1-курс студенттеріне таныстырылды. Әсем әуен аясындағы тағылымы мол көріністердің көпшілігін бірінші курс студенттері жоғары курс студенттерінің көмегімен әзірледі.

Дәстүр бойынша бірінші курс студенттеріне білімнің символдық атрибуты беріліп, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов студенттерге салтанатты түрде ID карта мен білім кілтін  табыстады. Бұл марапаттар экономика және бизнес жоғары мектебінің бірінші курс студенттері әрі «Алтын белгі» иегерлері: Абылай Ерболов пен Аяужан Мұхаметханға ұсынылса, «Білім кілті» ақпараттық технологиялар факультетінің студенттері: «Алтын белгі» иегері Жігер Баймырза мен халықаралық олимпиаданың жеңімпазы Іңкәр Шағырбайға табысталды.

Мерекелік шарада студенттер университет пен ел игілігі үшін бетке ұстар азамат болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант беріп, «Гаудеамус» және «Жасай бер, ҚазҰУ-ым» әнін хормен шырқады.«Студенттік билет» пен «Білім кілтін» иеленген 1 курс студенттері ресми түрде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері қатарына қосылды.

Салтанатты шараға университет басшылығы, университеттің танымал түлектері мен құрметті қонақтар, оқытушылар, жастар ұйымдарының белсенділері және спорт шеберлері қатысты. Мерекелік кеш соңы әр факультеттің өкілдері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Баспасөз қызметі