Тағлымды кездесу

29.09.2018

Көрулер: 85

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясатттану және саяси технологиялар кафедрасының ұйымдастыруымен танымал журналист «Жүрек, жігер және ниет болса…» атты кітаптың авторы Гүлнәр Бажкеновамен кездесу өтті.

Шараға кафедра меңгерушісі Гүлнәр Насимова, белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев және де оқытушылар мен магистранттар қатысты. Кездесу барысында Гүлнәр Бажкенова тілші ретіндегі еңбек жолының қалай бастау алғаны туралы айтып, қазіргі заманауи журналистика туралы өз пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар қоғамымызда үлкен талқыға түсіп көпшліктің назарын аударған «Жүрек, жігер және ниет болса…» атты кітаптың жазылу тарихы туралы баяндап берді. Сорос-Қазақстан Қорының қолдауымен басылып шыққан кітапта еліміздің алыс-шалғай аймақатарындағы өз ерекшеліктеріне байланысты мектепке барып білім ала алмайтын балалар мен олардың ата-аналары, ұстаздары және азаматтық белсенділер туралы жазылған. Сонымен қатар кітапта инклюзивті білім беру саласындағы мәселелер туралы да баяндалған.

«Менің кітап жазу барысындағы мақсатым нақты адамның өмірін көрсеткім келді. Олар кімдер, нені армандайды, қандай көммекке мұқтаж екенідігін баяндағым келді. Біздің қоғам ерекше балалардың өмірімен танысып, елімізде қандай мәселе бар екенін білуі керек. Өйткені олар біздің айнамыз, біздің бір бөлшегіміз. Атырау, Күлсары, Астана, Көкшетау, Қызылорда, Қазалы, Түркістан, Орал қалаларында болдым көптеген адамдармен сөйлестім қандай қажеттіліктер керек екендігімен таныстым. Инклюзивті білім беру дегеніміз ерекше балалардың барлығымен бірге бір мектепте бір сыныпта білім алуы. Ал алыс-шалғай өңірлерде ондай мектептің болмағаны былай тұрсын ата-аналар өз балаларының ерекше екендігінен ұялып үйде тығып ұстайды. Ол баланың жан-дүниесінде не болып жатқандығымен ешкімнің жұмысы жоқ. Мүмкін ол бала мектепке барып сабақ оқығысы келетін шығар, басқа балалар сияқты аулада асыр салып ойнағысы келетін шығар. Иә жаның ауырады.... Бірақ бұл қоғамымызда орын алып жатқан оқиғалар. Ал бұны өзгертуге тек сіз бен біз ғана ықпал ете аламыз. Әрине өңірлерді аралау барысында мен балаларын шынында да оқытқысы келетін және де дәл осындай ерекше балаларға білім бергісі келетін педагоготардың бар екенін көріп өте қатты қуандым»,-деді Г. Бажкенова.

«Жүрек, жігер және ниет болса…» атты кітап шынында да өз оқырманын тауып ғана қоймай барлығымызды ойландырған көкірек көзімізді ашып, ерекше балалар мен инклюзивті білім беру саласына ерекше әрі терең қарауға себепші болды.

Аталмыш кітаптың жазылу тарихы жиналған қауымды бей-жай қалдырмады. Оқытушылар мен магистранттар инклюзивті білім беру бойынша тың ақпараттарды естіп өздерін ойландырған сұрақтарын жауап алды.

Сонымен қатар кездесу соңында Гүлнәр Бажкенова Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасындағы «Саяси зерттеулердің ақпараттық орталығы» кітапханасына «Жүрек, жігер және ниет болса…» атты кітабын тарту етті.

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы