Қамқоршылар кеңесі – университеттің іс-әрекетін қадағалайтын қоғамдық бақылау

17.09.2010

Көрулер: 643

17 кыркүйекте Алматыда көрнекті мемлекеттік және қоғам қайраткерлері және ірі коммерциялық кампания жетекшілерінің қатысуымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қамқоршылар кеңесінің бірінші отырысы өтті. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков төрағалық ететін кеңес мүшелерінің қатарында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің басшысы Қуаныш Сұлтанов, Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, “Capіtal Partners” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сержан Жұмашев, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов т.б. бар. Кеңестің бірінші отырысында негізгі екі мәселе қарастырылды. Бірі университеттің болашағы мен дамуы болса, енді бірі Қамқоршылар кеңесінің жұмыс жоспары. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып өткеннен кейін, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың бірінші сұрақ бойынша есебін тыңдауға шақырды.

- “Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Қамқоршылар кеңесі институтын ҚазҰУ бірінші болып ұйымдастырып отыр. Қамқоршылар кеңесі – жоғары оқу орындарының іс-әрекетін қадағалайтын қоғамдық бақылау болып табылады. Мұндай кеңес әлемдік университеттер тәжірибесінде бұрыннан бар. Ал еліміздегі білім ордалары арасында алғаш рет Қазақстанның бірінші университеті ҚазҰУ-ға енгізіп отырмыз. Қамқоршылар кеңесінде университеттің келешекте дамуы мен ғылым және білім саласындағы көп сұрақтар қаралады.”, - дейді есеп барысында академик Бақытжан Тұрсынұлы. Содан кейін университеттің оқу үдерісі, әлеуеті, тыныс-тіршілігі, жоспарларымен таныстыра келіп басты мақсат – алтын территорияны алып жатқан ҚазҰУ-ды заманауи-инновациялық зерттеу орталығына айналдыру екендігін айтты. Осы орайда ғарышкер Талғат Мұсабаев: “Қамқоршылар кеңесі әлемдік университеттерде елу жылдан бұрын жұмыс жасап келеді, аталмыш игі істің отандық оқу ордасында көрініс табуы мені қуантып отыр. Себебі, біз Кеңес жұмысын жақсарта отырып, әлемдік деңгейдегі міндеттерді атқаруды қолға алып отырмыз”, - десе, “Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті әлемдік тәжірибені қолдана отырып, Қамқоршылар кеңесін жүзеге асыруымыз университеттің дамыған елдер қатарында бәсекеге төтеп беруін арттыра түсетіні сөзсіз”, - дейді сенатор Қуаныш Сұлтанов. Ал Қамқорышылар кеңесінің мүшесі ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтің пікірі: “ҚазҰУ нені дұрыс деп тапса, сол бастама Қазақстан білімінің дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Біз әкімшілік тарапынан Қамқоршылар кеңесіне қолдау көрсетуге дайынбыз”, - деген жолдастық пікірмен түйінделді. Мұнан кейін Қамқоршылар кеңесінің өзге де мүшелері өз ойларымен бөлісті.

Қамқоршылар кеңесінің бірінші отырысынан кейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі ҚазҰУ-дың әскери кафедрасын аралап, Республика бойынша әуе қорғанысына жаяу әскерлер негізінде запастағы офицерлер дайындайтын жалғыз орталықтың тир, әскер көліктері, компьютерлік сыныптар және тағы басқа нысандарын көрді. Өз кезегінде студенттер әскери ату жаттығулары мен әскер көліктерін басқару қабілеттеріндегі жылдамдықтарын, ептіліктерін Қорғаныс министрінің назарына ұсынды. Қамқоршылар кеңесінің бірінші отырысына келген ҚР Қорғаныс министрі, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Рыскелдіұлы бұл күні бірнеше игі істердің бастамасына куә болып қайтты. ҚазҰУ қалашығында жасанды төсенішпен жасылынған үш футбол алаңының тұсауын кесіп, жаңа аландағы тұңғыш футболдың добын ойынға қосты. Салауатты өмір салтына зор ықпал болатын үш бірдей футбол алаңының ашылуы жастардың қуанышын арттырды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі