"Айқын" Республикалық қоғамдық-саяси газет

21.09.2010

Көрулер: 706

Отандық жоғары оқу орындарының тәжірибесінде тұңғыш рет Қамқоршылар кеңесі жүзеге асты асты. Қазақстандық ЖОО арасында бірінші болып Қамқоршылар кеңесі органын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің тәжірибесіне енгізді. Таяуда көрнекті мемлекетт және қоғам қайраткерлері қатысуымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қамқоршылар кеңесінің бірінші отырысы өтті.

Аталмыш Кеңесті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков басқарады. Сонымен бірге еліміздік ірі жоғары оқу орны Қамқоршылар кеңесі мүшелерінің қатарында ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Исекешев Әсет Өрентайұлы, ҚР Мәдениет министрі Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің басшысы Сұлтанов Қуаныш Сұлтанұлы, ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Жұмағұлов Бақытжан Тұрсынұлы, ҚР ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, белгілі қоғам қайраткері, ақын Сүлейменов Олжас Омарұлы, “Capіtal Partners” компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сержан Жұмашев Сейітұлы, ҚР Ұлттық Ғарыш агенттігінің төрағасы, ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев, және тағы да басқа мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастығының жетекшілері бар.

Кеңестің бірінші отырысында негізгі екі мәселе қарастырылды. Бірі ҚазҰУ-дың болашағы мен дамуы болса, енді бірі Қамқоршылар кеңесінің жұмыс жоспары. Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып өткеннен кейін, ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұловтың бірінші сұрақ бойынша есебін тыңдауға шақырды.

- Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында Қамқоршылар кеңесі институтын ҚазҰУ бірінші болып ұйымдастырып отыр. Қамқоршылар кеңесі – жоғары оқу орындарының іс-әрекетін қадағалайтын қоғамдық бақылау болып табылады. Мұндай кеңес әлемдік университеттер тәжірибесінде бұрыннан бар. Ал еліміздегі білім ордалары арасында алғаш рет Қазақстанның бірінші университеті ҚазҰУ-ға енгізіп отырмыз, - дейді академик Бақытжан Тұрсынұлы. Содан кейін университеттің оқу үдерісі, әлеуеті, тыныс-тіршілігі, жоспарларымен таныстыра келіп басты мақсат – алтын территорияны алып жатқан ҚазҰУ-ды заманауи-инновациялық зерттеу орталығына айналдыру екендігін айтты. Осы орайда ғарышкер Талғат Мұсабаев: “Қамқоршылар кеңесі әлемдік университеттерде елу жылдан бұрын жұмыс жасап келеді, аталмыш игі істің отандық оқу ордасында көрініс табуы мені қуантып отыр. Себебі, біз Кеңес жұмысын жақсарта отырып, әлемдік деңгейдегі міндеттерді атқаруды қолға алып отырмыз”, - десе, “Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ғылым, біліммен тығыз байланысты. Сол себепті әлемдік тәжірибені қолдана отырып, Қамқоршылар кеңесін жүзеге асыруымыз университеттің дамыған елдер қатарында бәсекеге төтеп беруін арттыра түсетіні сөзсіз”, - дейді сенатор Қуаныш Сұлтанов. Ал Қамқорышылар кеңесінің мүшесі ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтің пікірі: “ҚазҰУ нені дұрыс деп тапса, сол бастама Қазақстан білімінің дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Біз әкімшілік тарапынан Қамқоршылар кеңесіне қолдау көрсетуге дайынбыз”, - деген жолдастық пікірмен түйінделді. Мұнан кейін Қамқоршылар кеңесінің өзге де мүшелері өз ойларымен бөлісті.

Саягүл ӘЛІМБЕКОВА