Сенімді ынтымақтастық

05.12.2018

Көрулер: 409

Франция әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті, ал басым бағыт аэрокосмонавтика саласы болады. Бұл туралы Франция-Қазақстан достық тобының төрағасы Пьер Кабарэ мырза университет басшылығымен кездесу барысында мәлімдеді.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов Франция мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің сенміді түрде алға қадам басып келе жатқандығын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда ҚазҰУ Францияның 30-дан астам жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынаста. Атап айтар болсақ Лотарингия ұлттық политехникалық университеті, Дидро университеті, Страсбург университеті, Орлеан университеті, Роберт Шуман атындағы университет, Тулуза және басқа да ЖОО-мен табысты қызмет етуде. Университеттер арасындағы ғылыми-білім беру саласындағы коллаборацияның басқа да нәтижесі екі дипломды білім беру болып табылады. Сонымен қатар жыл сайын оқытушылар мен студенттер тағылымдамадан өтіп, зерттеу жобалары мен жазғы мектептерге қатысады. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да Францияның бес студенті тағылымдамадан өтуде.

Онымен қатар кездесу барысында тараптар бакалавриат, магистратура мен докторантурадағы екі дипломдық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелерін қозғап, ҚазҰУ базасында құрылған "Геоэнергетика" Қазақстан-Француз ғылыми-білім беру орталығының қызметін талқылады. ҚазҰУ ректоры 2010 жылдан бастап қызмет жасап келе жатқан аталмыш орталықтың ғылыми кадрларды қалыптастыруға бағытталғанын, осыған байланысты орталықтың қызметін кеңейту мүмкіндігін қарастырып, оның мәртебесін әлемдік деңгейге дейін көтеру керектігін ерекше атап өтті.

Келіссөздер барысында Франция-Қазақстан достық тобының депутаты және Төрағасы Пьер Кабарэ мырза Қазақстан мен ҚазҰУ-мен ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол ҚазҰУ кампусының аумағын қарап, оның қызметімен танысып, университеттің болашаққа арналған көптеген жұмысардың нәтижесін қазірдің өзінде көрсетіп отырғанын айтты. Және де ол қос ел мен жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық әріптестіктің алдағы уақытта одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ ҚазҰУ басшылығына Қазақстанда өткізілетін бірқатар бірлескен іс-шаралар өткізуді ұсынды. Тараптардың пікірінше, мұндай жобалар серіктестер арасындағы сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты кеңейтуге ғана ықпал ететін болады.

Баспасөз қызметі

www.kaznu.kz