«Жастар көзқарасы» атты республикалық жастар форумы өтті

27.09.2010

Көрулер: 448

25 қыркүйекте «Бауыржан» қайырымдылық қоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қаласы әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Жастар көзқарасы» атты республикалық жастар форумы өтті. Аталмыш форум негізгі екі бөліктен тұрды. Алғашқысы, еліміздің көптеген жетістікке қол жеткізген жас саясаткерлері мен кәсіпкерлерінің табыс жолының формуласына арналған дәрістер болса, екінші бөлімі жастардың таңдамалы баяндамаларын тыңдау және жеңімпаздарды марапаттау рәсімінен тұрды.

Өзінің жетістік жолының құпиясымен бөлісу үшін Астандан арнайы келген мәжіліс депутаты Сыздықова Бақыт Ахметқызының, «Astana Group» компаниясының басшысы Нұрлан Смағұловтың, Нұр Отан ХДП, Жас Отан ЖҚ-ның атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешовтың студенттермен сұхбаты ерекше есте қалды. Осы орайда ҚазҰУ-дың “Жеті муза” қоғамының жетекшісі Сандуғаш Қартаева: “«Жастар көзқарасы» атты республикалық жастар форумы жастарды көшбасшылыққа жетуде партиоттық сезімді дамытып, адалдық пен мейірімділік қасиеттерін меңгеруге бағыттайды. Бұл форум арқашанда адамгершілік тұрғысынан ойлап, жақыныңа қол ұшын созу, биік мақсаттарды ойлай білу, т.б. жақсы адами қасиеттерді жастар бойына сіңіруімен құнды болды”, -дейді.

Сондай-ақ, форумдағы баяндамаларында қатысушылар жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылай келе, оны шешу жолдарын да ұсынды. Осылайша, жастар Қазақстанның болашағы өздерінің қолдарында екенін кезекті рет нақтылады. Ал, сапалы деп танылған баяндамалар иесі бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жастар ұйымдары комитеті