Ықшам ақпар

08.08.2011

Көрулер: 675

11 тамыз сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің Т.Қожакеев атындағы акт залында коррекциялық мектептерде тәрбиеленетін балалардың жағдайын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтеді.

Жиында «Көмек» студенттік волонтерлық ұйымының коррекциялық мектептерде оқитын балалардың жағдайын қадағалау жөніндегі жоспары талқыланады.

«Бота» грантының көмегімен «Көмек» студенттік волонтерлық ұйымы 4 коррекциялық мектеп – интернаттарына зерттеу жүргізді.

Осы жоспарланып отырған жиын барысында зерттеу кезінде кездескен мәселелер сөз болмақ. Мәселен, коррекциялық мектепте оқитын оқушы дегеніміз кім және неге ол оқушыны төрт қабырғада қамап ұстайды? Психикалық тұрғыдағы әлсіз балаларымен жұмыс істеу барысында тәрбиеші қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Балалармен жұмыс істеу барысында волонтер қандай жағдайларға тап болуы мүмкін? Волонтер не істеуі және не істемеуі керек (тәрбиешілерден кеңес)? Мінсіз волонтер қандай болуы тиіс (балалар мен тәрбиешілердің пікірі)? Жастар қоғамға көмектесуге дайын ба? сияқты бірнеше өзекті тақырыптар көтеріледі.

Кездесуге мектеп – интернаттардың өкілдері, Алматы қаласының жастар ұйымдары, «Бота» өкілдері, әлеуметтанушылар және БАҚ қатысады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі