Ұлттық зерттеу университетінде дәріс ағылшын тілінде оқылады

22.08.2011

Көрулер: 549

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шет тілін үйретудің мобильдік оқытуын енгізуге байланысты Халықаралық семинар өз жұмысын бастады.

Семинар Қазақстандағы «Nokia» компаниясының қаржылай қолдауымен, сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен электронды оқытуды дамыту қоғамдық білім қорының (Қазақстан) ұйымдастыруымен жүзеге асуда. Университеттің Экономика және бизнес жоғары мектебінде өтіп жатқан семинар жұмысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шет тілдері пәнінің оқытушылары және қазақстандық басқа да жоғары оқу орындарының мамандары, халықаралық сарапшылар мен лекторлар қатысуда.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, Инженерлік білім саласы бойынша халықаралық деңгейдегі оқытушы, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев семинардың алғы сөзін сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

- Бүгінде ағылшын тілін терең меңгеру қажет екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Әсіресе, біздің университет үшін аса қажет. Себебі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлттық зерттеу университетіне айналу жолында. Бұл ретте ағылшын тілі оқу үдерісінде жоғары маңызға ие болу керек, - дейді Мұқамбетқали Бүркітбаев. Бұнымен қоса профессордың айтуынша, шет тілін меңгеру кең еместігін айтып, кей оқытушылар, біраз студенттер әлі де ағылшын тілін толық білмейтіндіктерін тілге тиек етті. Алайда бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық тілді меңгеру заман талабы. Осы орайда профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев: «Елбасы 2020 жылға қарай халықтың 20 пайызы ағылшын тілін еркін меңгеру керек деген тапсырма қойды. Биылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр факультетінде 2-3 пән ағылшын тілінде оқытылатын болады», - дейді. Ол үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына академиялық ұтқырлықты дамытып, шетелден профессорлар шақыртуға үлкен жағдай жасап отырғандығын жеткізді.

Бұдан кейін «So To Speak AB» Халықаралық компаниясының директоры, ағылшын тілін оқыту әдістемесінің авторы, полиглот, аудиокурстардың және шет тілін оқытудың авторы, еңбегі интернет желісінде компакт-дисктермен таратылған маман Карл-Сверре Хофсо және электронды оқытуды дамыту ҚБҚ Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, мультиплатформалар құрастырушысы, тіл курстарын ұялы телефондармен оқытумен қамтамасыз еткен Фуад Джаззар қатысушыларға тақырыптық дәрістер оқыды.

Айта кетейік шет тілін үйретудің мобильдік оқытуы бірінші қыркүйектен бастап, университетте бір семестрге жалғаспақ.

Ал бүгін жетекші білім ордасында бастау алған семинар бір аптаға жүргізіліп, апта соңында қатысушылар сертификат иеленеді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі